«AMANAT» жанындағы кеңес білім беру жүйесіне ЖИ енгізу мәселесін талқылады
Жиналған тараптар Жолдаудағы басты міндеттер туралы пікір алмасты

«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында көтерілген міндеттер, соның ішінде жасанды интеллектті білім беру саласына енгізу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кеңес жұмысына Мәжіліс депутаттары Юлия Кучинская, Наталья Дементьева, кеңес мүшелері Мария Утебаева, Зауреш Батталова, Айша Тұрмағамбетова, Динара Кудайкулова, Оқу-ағарту министрлігі бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова; Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжан Жарасова, сондай-ақ онлайн форматта облыстардың білім басқармаларының басшылары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Жолдауда айтылған жасанды интеллект технологияларының білім беру саласына елеулі серпін беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда цифрлық күн тәртібіне ерекше мән берді. Президент жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және ауқымды цифрландыру Қазақстанның стратегиялық дамуының басты тетігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Шын мәнінде, бұл қадам елдің барлық саладағы әлеуетін күшейтеді және экономика, әлеуметтік жүйенің жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне жол ашады. Мемлекет басшысы түбегейлі цифрлық өзгерістердің түпкі мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту, өмір сапасын арттыру және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту екенін ерекше айтты. Осыған байланысты елімізді толыққанды цифрлық держава ретінде қалыптастыру – жақын жылдардағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағыт жаңа технологияларды экономикалық жаңғыру мен әлеуметтік тұрақтылықтың берік негізіне айналдырады. Көзделген мақсаттарға жету үшін цифрлық дамудың басты бағыттарын айқындайтын мектеп, колледж, университетте жалпы білім саласына енгізу өте өзекті», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрлігі бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мектептердегі білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологиясын енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Жасанды интеллекті негіздерінің барлығын Келешек мектептеріне енгізіп, апробация жасау жоспарда бар. Бесінші сыныпқа арналған математика, информатика және қазақ тілі пәндері бойынша пилоттық бағдарламалар дайындалып жатыр, оларды екінші тоқсаннан бастап енгізуді көздеп отырмыз. Бұл ретте CodiPlay компаниясы ұсыныс білдіріп, өздерінің жұмыстарын бастап кетті. Сонымен қатар жасанды интеллектіні LMS бағалау жүйесіне енгізу де жоспарланған. Бұдан бөлек, оқушыларды мамандықтарға ерте бейімдеуге арналған «Мансап компасы» платформасы іске асады», - деді Майра Мелдебекова.
ЖИ-ді жоғары оқу орындарына енгізу жұмыстары да қарқын алып келеді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжан Жарасова бұл бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды.
«Бүгінде студенттерді жоғары технологиялық жобаларға тартуға бағытталған «AI Sana» бағдарламасы орындалып жатыр. Бұл бағдарлама студенттердің алған білімін қоғам мен болашақ экономикасы үшін құнды жобаларға айналдыруына мүмкіндік береді. Әрбір студент өз мамандығында жасанды интеллектті қолдануды меңгеріп, болашақта жаңа технологиялар жасап немесе стартаптар аша алады деп күтеміз. Қазіргі таңда 429 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздері бойынша курстан өтті. Бұл мақсатта 4 мыңға жуық профессор-оқытушылар құрамы да арнайы сертификаттық курстардан өтті. Нәтижесінде елімізде жасанды интеллект мамандарын жаппай даярлау ісі басталды деп айтуға болады», - деді ол.
Кеңеске қатысқан тараптар министрлік өкілдерімен пікір алмасып, жаңа оқу жылының басталуына байланысты өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.