Қазақстанда зейнетақы жинағы бойынша заңсыз бизнес жолға қойылған дейді Отбасы банк
Отбасы банк зейнетақы шотындағы артық ақшаны тіс емдеуге сұраған қазақстандықтар қандай алаяқтық әрекеттерге барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2021 жыл мен 2025 жылғы 20 тамыз аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы «стоматологиялық қызмет» бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған. Талдау көрсеткендей, соның 222,61 млрд теңгесі ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан.
«Белгілі болғандай, тек Атырауда орналасқан клиникалардың біріне ғана азаматтар зейнетақы жинағынан 22,9 млрд теңге аударған. Клиенттердің бірі зейнетақы қорындағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін 11 рет өтініш берген. Оның жалпы тіс емдеуге алған сомасы 32,6 млн теңге. Егер бір имплант пен тіс тәжін орнату құны 500 мың теңге деп есептесек, 65 имплант қоюға жетерлік қаражат алынған», - дейді Отбасы банк.
Ал тағы бір клиент тісін емдеуге 24,7 млн теңге жұмсаған. Бұл қаражат бірден стоматологияға аударылған. Енді бірі тіс емдеу үшін Отбасы банкке 27 рет өтініш берген. Сөйтіп 13,1 млн теңге шығарып алған.
Еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын қазақстандықтар тісін емдету үшін көбіне Атыраудағы стоматологияларды таңдаған, дейді Отбасы банк.
«Кейбір клиенттер банкке құжат тапсырғанда жалған анықтамаларды ұсынғаны анықталды. Бұл БЖЗҚ-дағы қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғанын көрсетеді», - делінген хабарламада.
«Анықталған барлық факті халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік бағдарламаның беделін түсіріп қана қоймай, Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану бойынша кең, ауқымды, заңсыз бизнес жолға қойылғанын көрсетіп отыр», - деп мәлімдеді Отбасы банк.
Банк күмәнді схемаларға қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған. Қаржы мониторингі агенттігі бірқатар стоматологиялық клиникалардың зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалануына байланысты тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Естеріңізге салайық, Отбасы банк 15 қыркүйектен бастап тіс емдеуге зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім қабылдау тоқтағанын хабарлады.