«Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінде 1,2 мыңнан астам жас маман тәлім алды
20 маман 1253 жасқа бағыт-бағдар берген

«Еңбек жолы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 20 маман еңбек жолында 1253 жас қызметкерге кәсіби білім беріп, тәжірибесін көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ең көп шәкірт тәрбиелеген тәлімгер – Алматы қаласынан Алшын Алтыбаев. Ол ауыл шаруашылығын механикаландыру және цифрландыру саласында 50 жыл бойы еңбек етіп, 500-ден астам жас маманды оқытқан.
Сондай-ақ, Қостанай облысынан Ришат Фастхутдинов (электромонтер) пен Қызылорда облысынан Гүлсім Дарибаева (күріш өсіру бригадирі) әрқайсысы 100-ден астам қызметкерге тәлімгерлік жасаған. Абай облысынан Нұрлан Байбутинов, Ақтөбе облысынан Айдын Қайырбеков және Қарағанды облысынан Ерлан Сыздықов тау-кен және металлургия саласында 73 маманға кәсіби жол сілтеді.
Білім беру саласында Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарынан қатысқан ұстаздар – Жанат Керімбаев, Ұлмекен Ибраева мен Раушан Зайтбекова 98 жас маманға бағыт-бағдар берді. Батыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарының өкілдері телекоммуникация саласында 32 маманды оқытса, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шымкенттен шыққан тәлімгерлер өнеркәсіп бағытында 70 жасқа тәлімгерлік жасады.
Энергетика саласында Шығыс Қазақстаннан Андрей Лисицын мен Астанадан Дисембай Шайкенов 55 қызметкерге жол көрсетсе, HR саласында Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарынан қатысқан мамандар 104 адамға тәжірибесін үйретті.
«Еңбек жолы» байқауы жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттап, еңбек әулеттерінің дәстүрін жалғастыруды көздейді. Байқау екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейде үш номинация бойынша өтеді: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас қызметкері».
Биыл өңірлік кезеңге еліміздің 3 қаласы мен 17 облысынан барлығы 505 өтінім қабылданып, 60 жеңімпаз анықталды. Олар республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды.
Жеңімпаздарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы республикалық комиссия анықтайды. Байқаудың қорытынды марапаттау рәсімі Жұмысшы кәсіптер жылының жабылуына орай желтоқсан айында өтеді.