Қазақстанда жүргізуші куәлігіне қатысты маңызды өзгеріс болады
Осы шара арқылы бюджет ақшасын үнемдейміз дейді ІІМ

Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігі мен техпаспорттан электронды чипті алып тастау бастамасын көтеріп, тиісті бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жариялаған. Оған сәйкес, Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу туралы куәліктен электронды чипті алып тастауды жоспарлап отыр. Себебі қазір оны орнату бюджетке қосымша салмақ салатын көрінеді. Электронды чипсіз де барлық мәлімет мемлекеттік жүйелерде сақталады, сондықтан құжатқа оны енгізудің қажеті жоқ дейді жоба авторлары.
«Жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу туралы куәліктің бланкілерінен электронды чипті алып тастау қаржылық тұрғыдан тиімді болып отыр. Чип модульдерін енгізу мен пайдалану қосымша шығындарды талап етеді, ал олардың функциялары мемлекеттік деректер қоры мен ақпараттық жүйелер арқылы толық көлемде қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты чипті алып тастау бюджет қаражатын үнемдеуге және құжаттарды дайындау процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ведомство.
Бұйрық жобасы 22 қыркүйекке дейін қоғам талқысына шығарылды.