Оның айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылар сол қалпында қалады
Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жаңа әлеуметтік саясат аясында қандай жәрдемақылар сол күйінде қалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жақыпова хабарлағандай, қазір әртүрлі санаттағы азаматтарға 117 түрлі жәрдемақы төленіп отыр екен. Сондықтан, аймақтық бюджеттер арасында диспропорция орнағандықтан, бүкіл аймаққа бірдей бір стандарт енгізу көзделіп отыр.
«Бір әртүрлі облыстардағы аймақтық диспропорцияны байқап отырмыз. Яғни, олардың бюджеті әртүрлі. Сондықтан, президент жолдауда «ақша адамның артынан еруі керек» деп айтты. Біз соған келіп, аймақтық деңгейде төленетін жәрдемақыларды бір стандартқа сыйдырғымыз келеді», - деді Жақыпова.
Министр осы ретте өзіне сұрақ қойған тілшілер арқылы қазір әртүрлі санат бойынша жәрдемақы алып отырған азаматтарға маңызды мәлімет айтты: мембюджеттен төленіп отырған жәрдемақылардың ешқайсысы қысқармайды, өзгермейді.
«Мен сіздердің БАҚ арқылы қазір әртүрлі заңнамалық негізде республикалық бюджеттен жәрдемақы алып отырған қазақстандықтарға мынаны айтқым келеді: бұл төлемдер сақталады. Яғни, зейнетақы, мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы, асыраушысынан айырылған отбасылардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы, «Алтын алқа», «Күміс алқа», бірінші және екінші дәрежелі Батыр ана даңқы бар аналар, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алып отырған көп балалы отбасылардың жәрдемақылары қалады. Мемлекет жаңа өзгерістер арқылы азаматтардың Конституциялық және әлеуметтік кепілді көмегімізден бас тартпайды. Біз тек аймақтық бюджеттерден төленетін жәрдемақыларды бір стандартқа сыйдырмақшымыз», - деп түсіндірді Светлана Жақыпова.
Естеріңізге сала кетейік, кеше премьер-министр Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін барлық күмәнді әрі тиімсіз жәрдемақыларды қысқартуды тапсырған болатын.