Президент қазан айының аяғына дейін осы шаруаны аяқтауды тапсырды
Президент бүгінгі Жолдауында жүк тасымалдаушыларға қатысты мәселелердің өзекті болып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жүк тасымалдаушылар рәсімдердің көп уақыт алатынын айтып жиі шағымданады. Олар әр қызметті түрлі цифрлық жүйе арқылы рәсімдеуге мәжбүр, тіпті бұрынғыдай қағаз толтырып әуре-сарсаңға түсіп жатады. Кейбір шекара және кеден бекетінде сапалы интернет жоқ. Осындай қолайсыз жағдайларды тез арада түзетуіміз қажет», -деді ол.
Тоқаев жасанды интеллектіні қолдана отырып, тасымалды басқарудың кешенді көпбейінді платформасын енгізу керектігін айтты.
«Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдана отырып, тасымалды басқарудың кешенді көпбейінді платформасын енгізу керек. Бұл жұмысты тез аяқтау қажет. Қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосқан жөн. Бұл жүйе инфрақұрылымды жеке компанияларға автоматты түрде бірдей қолжетімді етеді», - деді президент.
Мемлекет басшысы шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту ісіне де тоқталды. Биыл 8 бекет толығымен іске қосылмақ. Алдағы үш жылда тағы 34 бекет жаңартылады.
«Бұл өте ауқымды шаруа, себебі кейбір бекеттердің сапасы сын көтермейді, қазіргі заманның талабына сәйкес келмейді. Еліміздің беделіне нұқсан келтіреді», - деді президент.
Тоқаев автокөлікпен жүк тасымалдауға шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырды.