Жақыпова сотталған адамдардың зейнетақысына қатысты өзгерісті түсіндірді

Автор: Бақыт Шынар

Оның айтуынша, қазір талқыланып жатқан құжат – тек консультативті сипатқа ие 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысына келген  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тілшілердің сұрағына жауап бере отырып, Ашық-нормативтік құжаттар порталында жарияланған Консультативті құжатқа қысқаша түсіндірме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, консультативті құжатта жазылғандай, Еңбек министрлігі енді тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы төленбейтінін жазған еді. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік орталықтар мен түрмелерде қамауда отырған азаматтардың да зейнетақысына өзгерістер күтілген.

«Бұл әзірге бұйрық емес, бұл консультативті құжат. Бұл үнемдеу емес, бұл әлеуметтік әділеттілік. Яғни, толық мемлекет қамтамасыз етіп отырған адамдар, мысалы, арнайы әлеуметтік орталықтардағы қарт адамдардың зейнетақысының жартысы олардың өздеріне, жартысы сол мекеменің арнайы есепшотына аударылатын. Кейбір тергеулер ол қаржының тиімсіз жұмсалғанын көрсетті. Енді біз олардың зейнетақысын орталықтарға аудармау туралы бастама көтеріп отырмыз», - деп түсіндірді Жақыпова.

Ол сондай-ақ түрмедегі азаматтардың да зейнетақысының белгілі бір бөлігі өздеріне, қалғаны әлеуметтік қызмет көрсету орталығына аударылып келгенін, енді осыны өзгерту жоспарланып отырғанын айтты.