Қазақстанда Цифрлық кодекс қабылданады
Құжатқа депутаттар бастамашы болған

Парламент Мәжілісіне Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе екі заң жобасы келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Цифрлық кодекс жобасы мен екі ілеспе заң жобасы президенттің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Кодекс жобасы мен ілеспе заң жобаларына парламент депутаттары бастамашылық еткен.
«Цифрлық кодекстің жобасы 10 тараудан тұрады. Кодекс жобасы цифрлық ортадағы қатынастарды, оның ішінде құқықтық қатынас объектілерінің түрлері, цифрлық орта субъектілері, цифрлық сәйкестендіру және бақылау, тәуекелдерді басқару бойынша қатынастарды реттеуге, цифрлық ортада жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында.
Ал ілеспе заң жобаларында мемлекеттік қызмет көрсетудің қағидаттарын айқындау және сақтау жөнінде толықтырулар, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген.
Комитет заң жобалары бойынша қорытынды әзірлейді.