Сарбаз көзден таса болса, дәретхана мен жуынатын бөлмені тексереміз – әскери полиция
Нұрдәулет Елубаев бұндай «қауіпті» зоналарда камера орнатылмағанын айтты

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасы бастығының алдын алу және қылмыстық қудалау жөніндегі орынбасары Нұрдәулет Елубаев әскердегі әлімжеттіктің алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елубаевтың сөзіне сенсек, қазір әскери бөлімшелердің барлығында бейнабақылау камералары бар. Сол арқылы сарбаздар мен әскери қызметшілер арасындағы тәртіп бұзу фактілері мұқият зерттеледі.
«Біз бейнебақылау камераларының бәрін бақылаймыз. Мониторинг аясында сарбаздар арасындағы да, әскери қызметшілер арасындағы да заңға қайшы әрекеттер тексеріледі», - деп мәлімдеді ол.
Әскери полицияның өкілі камера орнатылмайтын «қауіпті» аймақтар, яғни, әскери бөлімшелердің дәретханалары мен жуынатын бөлмелері де тексерілетінін хабарлады.
«Әрбір әскери қызметте заң бұзу фактілерінің алдын алу жөніндегі кабинет бар. Әскери полицияның қызметкерлері камераларды күні-түні бақылап отырады. Егер сарбаз ұзақ уақыт көзден таса болса біз жуынатын бөлмені де, дәретхананы да, казарманың ішін де тексереміз», - дейді ол.