Енді қазақстандықтар банктен 1 млн теңге кредитті бірден ала алмайды
Банктерге тексеруге, ал адамдарға ойлануға уақыт беріледі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы алаяқтығына қарсы күрес аясында несиені мақұлдауға қатысты қандай өзгерістер күшіне енетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, банктер үшін кредит беру кезінде «салқындату кезеңі» енгізілді.
«Енді 255 АЕК-тен жоғары, бұл шамамен 1 млн теңгеден асады, барлық кредит бойынша 24 сағаттық салқындату кезеңі енгізіледі. Яғни адам банктен 1 млн теңгеден астам несие алғысы келсе, банк кредитті бірден мақұлдамайды. Міндетті түрде 24 сағат үзіліс алып, тексеру жүргізуге тиіс. Яғни кредитті шынымен де қарыз алушының өзі рәсімдеп жатыр ма, жоқ әлде ол алаяқтық әрекет пе – барлығы тиісті типология бойынша тексеріледі. Егер қарызды шынымен әлгі адамның өзі алып жатса, ол қандай мақсатпен алып жатқаны да ескеріледі», - деді Әбілқасымова Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қарыз алушының өзі алаяқтардың ықпалына түсіп қалған жағдайда, ойлануға, несиеден бас тартуға мүмкіндік алады. Бұл 24 сағаттық кезең тек 1 млн теңгеден асатын кредиттерге қатысты қолданылады.
«Ал 150 АЕК-тен 250 АЕК-ке дейінгі кредиттер (шамамен 600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін) үшін 8 сағаттық «салқындату кезеңі» енгізіледі. Яғни бұрын банк қосымшасында кредитке өтініш берген кезде, егер барлық критерийге сай келсеңіз, қарыз жүктемесінің коэффициентін сақтасаңыз, кредит бірнеше минутта мақұлданатын. Енді 600 мың теңгеден асатын кредиттер бойынша банктер 8 сағаттан 24 сағатқа дейін күтіп, осы уақыт ішінде банк қарыздың алаяқтық типологиясына сәйкес келетін-келмейтінін тексереді», - деп түсіндірді агенттік төрағасы.