$ 540.84  634.46  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.09.2025, 11:45
Қоғам

Дін мен заманауи өмірді үйлестіргенде ғана қоғамда тыныштық орнайды – дінтанушы

Оның пікірінше, әр азаматтың жеке сенімін құрметтеу мектеп жасынан басталуы керек

Дін мен заманауи өмірді үйлестіргенде ғана қоғамда тыныштық орнайды – дінтанушы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан қоғамының дінге көзқарасы қандай? Азаматтар заманауи өмір салты мен діни құндылықты қалай ұштастырып жүр? Жастарға жат ағымдардың ықпалынан сақтап, дәстүрлі ханафи мәзһабы мен қазақы тәрбие негізінде дұрыс бағыт беру үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарға доцент-дінтанушы, исламтанушы Нұрлан Қайырбеков жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Дінтанушының айтуынша, қазір Қазақстан жастарының дінге көзқарасы әртүрлі. Бір бөлігі исламды тереңірек білуге, құлшылыққа ден қоюға ұмтылса, екінші бөлігі – дінді рухани мәдениет пен дәстүрлік негіз ретінде қабылдап, бірақ толық діни өмір салтын ұстанбайды. Ал үшінші бөлігі – зайырлы бағытты басым көріп, дінді көбіне жеке өмірде ғана қарастырады.

«Жалпы алғанда, жастар арасында дінге бетбұрыс бар, бірақ ол әртүрлі деңгейде жүзеге асып жатыр. Оның себебі – ең алдымен Қазақстанда діни саясаттың дұрыс жүргізілуі. Бізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бар, үкіметте діни мәселелермен айналысатын комитет жұмыс істейді. Солардың еңбегінің нәтижесінде университеттерде дін бойынша сабақтар енгізілді. Менің ойымша, жастардың дінге бет бұруына, біріншіден, ортасы әсер етеді. Намаз оқитын, мешітке баратын достарымен араласқан жас ислам құндылықтарын үйренеді. Дін арақ ішпеуге, ата-ананы құрметтеуге, білімді болуға үндейді. Екіншіден, ислам – ата-бабамыздың діні. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді аталарымыздың бәрі дінге жақын болған. Сондықтан ислам бізге жат емес. Ал үшіншіден, жастар арасында дінді ұстану аздап сәнге айналған. Олар көбіне бір-біріне еліктеп, құрбы-құрдастарының ортасында бедел жинау үшін де дінге бет бұрады», - дейді Қайырбеков.

Бірақ, исламтанушының айтуынша, жастар арасында фанатизмге, радикализмге кетіп қалу жағдайлары да кездеседі.

«Осы тұрғыда дәстүрлі ханафи мәзһабын ұстанып, түрлі жат ағымдардың ықпалынан сақ болу қажет. Ол үшін ең алдымен жастарға ханафи мәзһабының негіздерін дұрыс үйреткен жөн. Қазір көптеген университетте, орталықтарда діни мәселелер кеңінен түсіндірілуде. Соңғы он жылда шетелде дінтану мамандығын оқып келген жастар да көбейді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  Еуразия ұлттық университетінде дінтану кафедралары бар. Алматыда Нұр-Мүбарак университеті бар, оған мемлекет қолдау көрсетіп келеді. Бұл жерде бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде көптеген жас білім алуда. Сол жерде сабақ беретін ұстаздар дәріс барысында жастарға ханафи мәзһабының негіздерін үйретеді», - дейді ол.

Дінтанушының пікірінше, мемлекет діни сенім бостандығына жағдай жасап отыр. Әр азамат өзі қалаған дінді ұстануға құқылы. Бірақ шектен шығуға болмайды. Ал радикалды діни ағымдар ислам құндылықтарын емес, өз мақсаттарын бірінші орынға қояды және дінді саясиландырады. Сондықтан халыққа діни құндылықтарды дұрыс жеткізіп, радикализм, терроризм, экстремизм сияқты қауіптерден сақтандыру қажет. Бұл істе мешіттегі уағызбен ғана шектелмей, әлеуметтік желілерді де, телеарналарды да пайдаланған жөн.

Ата заңымыз бойынша Қазақстан – зайырлы мемлекет, бірақ халқымыздың басым бөлігі – мұсылман. Осы тұрғыда зайырлылық пен діни құндылықтардың тепе-теңдігін қалай сақтауымыз керек деген сұрақ туындайды.

Нұрлан Қайырбековтің айтуынша, «зайырлы» деген – дінге қарсы деген сөз емес. Бұл – мемлекет діннен бөлек, бірақ халықтың діни сеніміне құрметпен қарайды дегенді білдіреді.

«Зайырлылық – мемлекеттің барлық дінге бейтараптығын қамтамасыз ететін принцип. Бұл – дінге қарсы болу емес, керісінше әркімнің ар-ождан бостандығын қорғау. Мұсылман баласы бір жағынан ислам құндылықтарымен өмір сүрсе, екінші жағынан зайырлы мемлекеттің Конституция заңдарын сақтауды да біледі.

Оның пікірінше, діни құндылықтарды сақтау үшін қоғамда дәстүрлі исламды дамыту, діни білімді дұрыс беру, ұлттық мәдениетпен сабақтастыру қажет. Тепе-теңдік мына үш жолмен сақталады:

Мемлекет – заң мен тәртіпті қадағалайды, бірақ ешкімнің діни таңдауына араласпайды;

Дін өкілдері – халыққа діни құндылықтарды дұрыс жеткізеді, радикализмге жол бермейді.

Қоғам – діни сенімге құрметпен қарайды, алайда оны мемлекеттік саясатпен шатастырмайды.

Дінтанушы өзінің діни көзқарасын өзгеге күштеп таңу немесе өзгеше ойлағандарды сөгу дұрыс емес деп санайды.

 «Мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға толеранттылық пен адам құқықтары жөнінде жүйелі білім беру маңызды. Өскелең ұрпақ ерте жастан өзгелердің көзқарасын, сенімін, таңдауын құрметтеуді үйренуі тиіс. Сонымен қатар, отбасында сыйластық пен түсіністік мәдениетін қалыптастыру, ата-анадан үлгі алу арқылы балаларды дұрыс бағытқа тәрбиелеу қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де жастардың ой-санасына үлкен ықпал етеді. Сол себепті ақпараттық кеңістікте құндылықтарға құрметпен қарауды насихаттайтын материалдардың көбеюі – қоғам үшін аса маңызды. Жастар ұйымдары мен діни орталықтар да бұл іске белсене атсалысуға тиіс. Олар пікір алмасу алаңдарын құрып, сұхбаттар, тренингтер ұйымдастыру арқылы жастардың ой өрісін кеңейтіп, рухани дамуына ықпал ете алады. Яғни, тәрбиенің барлық деңгейінде бұл мәдениетті дамыту қажет», - деп есептейді исламтанушы.

Қазіргі таңда жастардың өмірінде екі түрлі құбылысты байқауға болады: бір жағынан, олар діни құндылықтарға бет бұрып, имандылыққа ұмтылса, екінші жағынан, заманауи өркениеттің игіліктерін – білім, ғылым, технология мен кәсіби дамуды да қатар алып жүр. Осы екі бағыттың тоғысуы қаншалықты үйлесім табуда деген сұрақ күн тәртібінде тұр.

«Бірінші топтағы жастар дінді берік ұстанып, сонымен бірге заманауи өмір салтын үйлестіре алатынын көрсетіп жүр. Олар үшін дін – құлшылық қана емес, ең әуелі адамгершіліктің, әділет пен ізгіліктің негізі. Ал ғылым мен білім – өз болашағын жарқын етуге, елін дамытуға арналған құрал. Мұндай жастардың бойынан рухани тереңдік пен заманауи ойлау қабілеті қатар табылып, оларды қоғамның қозғаушы күші етеді. Алайда екінші бір топ бар: олар дін мен қазіргі заманғы өмірді бір-біріне қарсы қояды. «Егер дінді таңдасаң, дүниеден безуің керек, ал егер заманауи өмірді таңдасаң, діннен бас тартуың қажет» деген қате түсінік қалыптасқан. Осындай ұстаным жастар арасында ішкі қайшылықтарға, қоғамда түсінбеушіліктерге жол ашуы мүмкін. Жалпы алғанда, дін мен заманауи өмір арасында үйлесім бар, бірақ оны нығайта түсу үшін дұрыс түсіндіру, терең білім беру және мәдениетпен сабақтастыру қажет», - дейді Қайырбеков.

 «Осы тұста ең маңыздысы – зайырлылық пен діни құндылықтардың тепе-теңдігін сақтау. Егер осы үйлесім дұрыс орнаса, дін қоғамдағы тұрақтылықты бекемдейді, ал жастардың санасында ол терең рухани тірекке айналады. Ұлттық дәстүрмен астасқан дін – ұрпаққа тәрбие, қоғамға тыныштық, болашаққа бағдар болмақ», - деп қорытындылады ойын Нұрлан Қайырбеков.

Серіктес жаңалықтары