Үкімет коронавирусты анықтайтын қосымша 1 млн 200 мың тест сатып алмақ
Қазақстан коронавирус инфекциясын анықтау үшін зертханаларды тәулігіне 35 мың тест жасайтындай қуаттылыққа жеткізбек. Ол үшін Үкімет есебінен арнайы құрал жабдықпен қоса, 1 млн 200 мың ПТР-тест сатып алынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева мәлім етті.
Қазақстанда коронавирус алғаш тіркелген наурыз айының ортасынан бері 1 млн 271 мың 471 тест жасалған екен.
«ПТР-тест адамның организмінде инфекцияның фрагменттерін анықтауға мүмкіндік береді. Сөз басында айтқанымдай, 13 наурыз бен 18 маусым аралығында 1 миллионнан астам тест жасадық. Қазір лабороториялық зерттеу мен зертханалардың қуаттылығы артты. Сәуірдің ортасында бір тәулікте 5 мың тест жасалса, сәуірдің екінші бөлігінде тәулігіне жасалатын тест саны 14 мыңға жетті. Қазір тәуілігіне 28 мың тест жасалады», - деді Л. Ақтаева.
Тест тапсыруға өтініш берген қазақстандықтардың саны көбейіп кетті деген ол адамдарды тек клиникалық және эпидемологиялық көрсеткіштер бар болса ғана тест тапсыру керек деп ескертті. Өйткені, қазір зертханалардың жұмысы күрт артып, коронавирус жоқ адамдардың өтінішін қабылдау үшін уақыт жұмсалып жатыр. Ләззат Ақтаева түсіндіргендей, клиникалық көрсеткіш дегеніміз – тұмау, пневмония белгілері бар, жалпы, аурудың алғашқы белгілері кедесетін жағдай болса, эпидемологиялық көрсеткіш – коронавирус анықталған адаммен тікекелей байланыста болған адамдарды тестілеу. Енді, Денсаулық сақтау министрлігі тәулігіне 35 мың тест жасау үшін әрекет етпек.
«Қазір Қазақстанда коронавирус инфекциясын анықтайтын 501 мыңнан астам тест қалды, бұл қор 18 күнге ғана жетеді. Сондықтан, зертханалардың қуаттылығын тәуілігіне 35 мың тестке жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін Үкімет резервінің ақшасына 1 млн 200 мың тест жүйесі сатып алынады. Қазір Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда тәулігіне 7 мың тест жасайды. Әлем бойынша бұл рейтингте Қазақстан 34-орында тұр», - деді ол.