Атырауда билер кеңесі ажырасуға келген 200 жұпты татуластырған
Қалада бүгін Татуласу орталығы ашылды
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атыраудағы Татуласу орталығының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
«Бітімгерлік пен арағайындық халқымыздың қанында бар. Ата-бабаларымыз бітіспес дауды бір-ақ ауыз сөзбен шешкен. Келісім мен татулықты асыл мұраға айналдырған еліміз үшін бабалар құндылығын жандандыру аса маңызды. Соңғы жылдары ел ішіндегі дауларды азайту мақсатында сот жүйесінде ауқымды жұмыстар жасалуда. Саладағы реформалардың арқасында дауларды сотқа жеткізбеудің жаңа тетіктері іске қосылды», - деді Махамбет Досмұхамбетов.
⠀Өңірде татуластыру орталығының пилоттық жұмысы былтыр басталған. Осы уақыт ішінде 2 257 іс қаралып, оның ішінде 840 іс сотқа дейін шешілген.
«Билер кеңесі ажырасуға қатысты 200-ден астам материалды қарап, олардың 200-ге жуығы татуластырылған. Бұл аталмыш орталық ұсынатын қызметтерге сұраныстың көптігін аңғартады», деді Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов.
Айта кетейік, бұл жоба - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламасы аясында, халықтың әлеуметтік осал топтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға құқықтық, делдалдық және заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған. Орталықта азаматтарға медиаторлар, билер, адвокаттар, прокурорлар, психологтар, нотариустар және бизнес-омбудсмен өкілдері көмек көрсетеді. Тұрғындарға ыңғайлылық пен жайлылық тудыру үшін орталық қажетті техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда келушілерге тиісті заң көмегі көрсетіліп, медиация рәсімдерінің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы ақпарат айтылады.