Блогердің отбасындағы дау қоғамда үлкен резонанс тудырды
Экс-әйелі педофил деп айыптаған блогер Қолғанат Жұмабаев әнші Қайрат Нұртастың қызы Алау Нұртаспен бірге видео түсіріп, жұрт көзіне түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видео блогердің Tiktok желісіндегі парақшасында жарияланды. Онда блогер әншінің қызына бірнеше сауал қойып, жауап алады. Сұрақтардың арасында Алау Нұртастың сүйікті блогерлері, спортпен шұғылданатыны, ата-анасының көңілі қаншалықты бөлінетіні, сүйікті әншісі жайлы болды.
Өз кезегінде Қайрат Нұртастың қызы блогерлердің бәрін ұнатып, оларға қызыға қарайтынын, бос уақытында би билеп, атқа мінгенді ұнататынын, үйінің ортаншысы болса да жақындарының көңілі жеткілікті деңгейде бөлінетінін айтып өтті. Ал сүйікті әншісі туралы сауалға ойланбастан, әкесі Қайрат Нұртас деп жауап берді.
Айта кетейік, осыған дейін блогер Қолғанат Жұмабаевтың отбасында үлкен шу шыққан, экс-әйелі, блогер Құлпынай Қалменова оны 10-11 жастағы қыз балалармен көңіл жарастырып жүргенін айтып, дабыл қаққан. Бұл оқиға қоғамда кеңінен резонанс тудырған еді.
Оның айтуынша, блогер телефонынан кішкентай екі қызбен түнгі уақытта хат жазысып, сезімін ашық білдірген. 10-11 жастағы екі қызға «Ғашық болып қалдым ғой» деп жазып, олардың аттарын телефонында «Айшам», «Тырысқағым» деп сақтап қойғаны белгілі болды. Арада көп ұзамай, осы екі қыздың құрбысы Құлпынай Қалменоваға хат жазып, Қолғанат Жұмабаев оның кеудесін ұстағанын, одан қорқатынын айтқан.
Бұл іске журналист Руслан Өтепбай араласып, блогер ерлі-зайыптыны детектор өтірігінен өткізеді. Құлпынай Қалменова сұрақтардың бәрінен мүдірмей өтсе, Қолғанат Жұмабаевтың анасы ұлының детектор өтірігінде қойылған сұрақтарын жариялаудан үзілді-кесілді бас тартады.
Бұл істің қандай оқиғамен аяқталғаны жарияланған жоқ. Алайда, Құлпынай Қалменова істі сол қалпында қалдыратынын, ары қарай ешнәрсені қазбаламайтынын, ал Қолғанат Жұмабаевпен бір шаңырақ астында өмір сүрмейтінін айтып, парақшасындағы бүкіл жазбаларын өшіріп тастаған.