«Ағай менің төсімді ұстады»: күйеуін педофил деп айыптаған блогер адам шошитын тағы бір жағдайдың бетін ашты
Блогер күйеуі барбершопта кішкентай балалардың шашын алады
Қоғамда тағы бір шу шықты. Бірер күн бұрын танымал блогер Құлпынай Калменова күйеуінің 10-11 жастағы екі кішкентай қызбен көңіл жарастырып жүргенін айтып, дабыл қаққан болатын. Қазір бұл мәселеге бүкіл қоғам назар аударып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге қатысты шолу жасап шықты.
Блогер Құлпынай Калменова күйеуі Қолғанат Жұмабаев барбершопта балалардың шаш алатынын, жуырда телефонынан кішкентай екі қызбен түнгі уақытта жазып, сезімін білдіргенін айтқан болатын.
Ал енді өзіне оқырмандарының бірі жазып, Қолғанат Жұмабаевтың тағы бір ісін әшкере етті.
«Сөздеріңнің бәрі шын. Менің ең жақын құрбым болатын. Абай, 89/1 мекенжайында тұрады. Сол бұрында соларды айтатын. Мен де өтірік айтатын шығар деп ойлағам құрбымды. Мен тараздамын, келе аламын. Сол Қолғанат деген «домогательство» жасаған, кеудесінен ұстаған. Ол кезде ол қыз небәрі 12-13 жастағы оқушы болатын. Ал ол (авт. – Қолғанат) университетте немесе колледжде оқитын. Шынымен, психологиялық сау емес болып тұр ғой. Адамдарға жылы сөйлеп, іші-бауырына кіріп кетеді. Өзім де көргем талай рет. Сол кісінің құрбандары көп деп ойлаймын. Жазуға батылы жетпей отырған қаншама. Құрбыма да жібергенмін. Ол да таң қалып отыр», - делінген Құлпынай Калменоваға оқырманы жазған хатта.
Сол сияқты блогер жазылған хаттарда Қолғанат Жұмабаев қырындап жүр деген екі кішкентай қыздардың құрбылары да бар.
«Апай, мен бұл қыздардың жан құрбысы болғанмын. Ол топта мен де болдым. Бірақ олар мені топтан шығарып жіберді. Ағай менің төсімді ұстады. Мен ол ағайдан қорқамын. Қорқып мамама да айтқан жоқпын. Не істеймін, апай? Мына ағайды соттатыңызшы. Мен сізге жақтасамын», - делінген хаттың мәтінінде.
Блогер Құлпынай Калменова жариялаған видеода үйіне полиция қызметкерлерімен бірге күйеуі Қолғанат Жұмабаевтың анасы келіп, қорқытып кеткенін көрсетті.
Айта кетейік, Қолғанат Жұмабаевтың 10-11 жастағы екі қызға «Ғашық болып қалдым ғой» деп жазып, олардың аттарын «Айшам», «Тырысқағым» деп сақтап қойғанын байқауға болады.
Қолғанат Жұмабаев та блогер. Өз парақшасында 10-11 жастағы қыздармен түскен фотоларына түсінік беріп өтті.
«Мен талай жылдан бері кішкентай балалармен бірге видеолар түсіремін. Үлкен кісілермен де түсіремін. Әртүрлі контенттер түсіремін. Екі қыздың анасын да жақсы танимын, олар да мені таниды. Олармен үнемі байланыстамын. Екі қыз мені ағасындай құрметтеп, сыйлайды.
Айшаның шашын иіскеп тұрған фотода ол сол күні қыздармен ренжісіп қалған. Сол кезде «көкем, айналайын, ренжімеші, тату болыңдар» деп құлағына айтып жатқанда өзі фотоға түсіріп алған ғой. Өздеріңіз де байқап тұрғандарыңыздай селфи жасап алған. Соны топқа таратып жіберген», - дейді блогер Қолғанат Жұмабаев.
Алайда, фотодан Айшаның екі қолы да көрініп тұрғанын байқауға болады. Кішкентай қыз селфиді қалай түсіргені қызық.
Дәл қазіргі уақытта бұл жағдайды танымал блогерлер – Роза коуч пен марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Instagram Stories-те жариялады.
Бұған қоса, айта кетерлік тағы бір жайт, Қолғанат Жұмабаев пен Құлпынай Калменованың Ясин есімді ұлы бар. Құлпынай Калменова осыған дейінгі жазбаларында ұлының шала туғанын айтып, гидроцифилия, рахит, кеуденің қисаюы, сүйек кемігінің биопсиясы сияқты ауру түрлеріне шалдыққанын айтқан.
«Ұлымның әкесі осы жүгіріп жүргенімді біледі, бірақ еміне деп бір тиын қосқан емес. Уайымдап жылағанымды да көрді. Оған бала керек емес. Ол блогер, видео түсіруді ғана ойлайды», - дейді Құлпынай Калменова.