Балалар жансақтау бөлімінде жатыр
Абай облысының Үржар ауданында болған қайғылы жол апатынан зардап шеккен екі бүлдіршін қазір Астанадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында жатыр. Бүгін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауруханаға арнайы барып, кішкентай пациенттердің хәл-жағдайын білді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрі ауруханада жатқан балалардың жағдайын сұрастырып, олардың анасымен тілдесіп, оған қолдау білдірді. Әлназарова науқастарға барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілетінін айтты.
Елордалық дәрігерлер балалардың өмірі үшін тәулік бойы күресіп жатыр.
Естеріңізге салайық, 19 тамыз күні Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында қорқынышты жол апаты болды. Сол ауылдың 55 жастағы тұрғыны үйдің алдында ойнап жүрген 6 баланы басып кеткен. Салдарынан үш бала қаза тауып, қалған үшеуі ауыр хәлде ауруханаға жатқызылды. Көлік қағып кеткен балалар ата-әжесіне қыдырып барған екен. Ауруханаға түскен үш баланың екеуін санавиация 20 тамыз күні Астанаға әкелді. Қазір жол апатынан аман қалған үш баланың да жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін ұсталған жүргізушінің ұлы қара жамылған отбасылардан кешірім сұрады. Оның айтуынша, жол апаты кезінде әкесінің жүрегі ұстап қалған.