Ең жоғары скорингтік балл – 1 000
Банктер несие бермес бұрын әрбір қарыз алушының төлем қабілетін жан-жақты бағалайды. Осы ретте ең басты назар аударатын көрсеткіштердің бірі – кредит тарихы мен кредит рейтингі. Осыларға қарап клиентке қарыз беру немесе бермеу туралы шешім қабылдайды. Жалпы кредит рейтингі дегеніміз не және ол қалай есептеледі? Кредит рейтингін қалай тегін тексеруге болады? Бұрын-соңды несие алмаған адамдарға банктер неге күмәнмен қарайды? Толығырақ Azattyq Rýhy материалында.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, адамдардың жеке кредит тарихы мен кредит рейтингін қалыптастыруға арналған деректер кредит бюроларында сақталады. Елімізде «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ (МКБ) және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС (БКБ) бар. Азаматтардың кредиттері, мерзімі өткен қарыздары және өзге де қаржылық міндеттемелері туралы ақпарат осы екі бюроға келіп түседі.
Мемлекеттік кредиттік бюро – Ұлттық банкке қарасты еншілес мемлекеттік ұйым. Оған деректерді міндетті түрде екінші деңгейлі барлық банк, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, коммуналдық қызметтер, байланыс операторлары, коллекторлар және басқа да кредиттік құрылымдар береді. Ал Бірінші кредиттік бюро – жеке коммерциялық мекеме. Ол жерге ақпарат беру ерікті негізде жүзеге асады.
Заңнамаға сәйкес кредит бюролары азаматтың жеке несие тарихын ғана емес, сонымен қатар кредит рейтингін де ұсынады.
Кредит рейтингі дегеніміз – кредит бюросы қарыз алушының несие тарихы мен өзге де дербес деректері негізінде автоматты түрде есептеп беретін балл. Рейтинг деңгейіне көптеген фактор әсер етеді, олардың ішінде төлем мерзімін кешіктіру, қолданыстағы кредиттер саны, коллекторларға сатылған қарыздардың болуы және тағы басқалары.
Кредит рейтингі «қызыл» (төмен рейтинг), «сары» (орташа рейтинг) және «жасыл» (жоғары рейтинг) аймақтарға бөлінеді. Сонымен қатар:
Агенттік кредит рейтингі ақпараттық сипатта болатынын және жоғары балл банктердің несиені мақұлдайтынына әрдайым кепілдік бермейтінін атап өтті. Банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз беру не бермеу туралы шешімді әртүрлі скорингтік жүйелер, соның ішінде өздерінің модельдері негізінде қабылдайды. Яғни сіздің рейтингіңіз «жасыл» аймақта тұрып, ал балыңыз 700-800-ден асса да, сіз таңдаған банк несиені бірден мақұлдамауы мүмкін.
«Кредит рейтингіне қарап қарыз алушының адалдығы мен сенімділігін бағалауға болады. Ол неғұрлым жоғары болса, сіздің кредиттік тәуекеліңіз соғұрлым төмен бағаланады, яғни қарызды мақұлдау мүмкіндігі артады. Мысалы, АҚШ-та дербес кредит рейтингі кез-келген қаржылық операция кезінде ескеріледі. Мысалы, пәтер ақысын белгілеген кезде жалға берушілер міндетті түрде жалдаушының скорингтік баллына қарайды. Егер қарыз алушының кредит рейтингі төмен болса, қазақстандық банктер мен микроқаржы ұйымдары кредит беруден бас тартуға құқылы», - деп түсіндірді ведомство мамандары.
Кредит рейтингі төмен болса, ол адамның қарызды қайтармай қалу ықтималдығы жоғары дегенді білдіреді. Сол себепті банк немесе микроқаржы ұйымы шығынға ұшырамас үшін кредит беруден бас тартуы мүмкін.
Қазақстанда «Кредиттік бюролар және кредит тарихын қалыптастыру туралы» заң бар. Сол заңға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары сізге несие беру-бермеу туралы шешімді қабылдағанда кредиттік бюролардан алынған мәліметті пайдаланады. Яғни, сіздің кешіктірілген қарызыңыз болмаса да, егер банк сізді тәуекелі жоғары клиент деп есептесе, қарыз бермей қоюы мүмкін.
Қазақстандықтар өзінің кредит рейтингін жылына бір рет тегін біле алады. Мұны бірнеше жолмен жасауға болады:
Біріншісі – eGov.kz порталы арқылы:
Екіншісі – Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе қосымшасы арқылы:
Егер бұл осы жылдағы бірінші сұрау салу болса – қызмет тегін болады.
Үшіншісі – офлайн. Яғни Мемлекеттік кредиттік бюроға, Бірінші кредиттік бюроға немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына және Қазпошта бөлімшесіне жүгіне аласыз. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы керек. Егер кредит рейтингін осы жылы алғаш сұратып отырсаңыз, қызмет тегін көрсетіледі.
Егер сіз кредитті уақытында төлеп отырсаңыз, жеке кредит рейтингіңіз жақсара түседі. Ол үшін:
Егер несиені уақытында төлей алмай, кешіктіріп алсаңыз, проблемалық қарызды реттейтін арнайы заңға сәйкес банкпен келіссөз жүргізуге болады.
Кредит рейтингі сіздің жалпы қарыз жүктемеңізді де ескереді. Яғни, несиелеріңіз көп болса және табысыңыз тұрақсыз болса, жаңа кредит алмағаныңыз дұрыс. Егер шарттары тиімді болмаса, ескі қарызды жабу үшін жаңа несие алудың қажеті жоқ.
Қарапайым ереже:
Банктер мен микроқаржы ұйымдары кредит рейтингі төмен немесе мүлде жоқ адамдарға күдікпен қарайды. Себебі олар ешқашан кредит алып көрмеген, яғни олардың несие тарихы мен кредит рейтингі қалыптаспаған.
Сондықтан егер сіз болашақта бизнеске немесе баспанаға банктен несие алуды жоспарлап жүрсеңіз, қазірден бастап несие тарихыңызда жазба болуы үшін аз мөлшерде кредит рәсімдеңіз. Ең бастысы – оны уақытында төлеп отыру. Осылайша сіз өзіңізге жақсы кредит тарихын қалыптастырып, банк үшін «сенімді клиентке» айналасыз.
Кредит тарихына ақпаратты кредит бюролары емес, банктер, микроқаржы ұйымдары, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді несиеге немесе бөліп төлеу арқылы сататын компаниялар енгізеді. Кредит бюроларына ақпарат беру туралы шарттар негізінде өзге тұлғалар да сіздің дербес кредиттік есебіңізге ақпарат енгізе алады.
Агенттік несие тарихын үнемі, кем дегенде жарты жылда бір рет тексеріп отыруға кеңес береді. Осылайша сіз кредит есебіңізде көрсетілген ақпараттың дұрыстығын бақылай аласыз, сондай-ақ несие тарихыңызда бөтен адамдардың кредиті бар-жоғын тексере аласыз.
Қазір кредит есебінде соңғы 5 жылдағы ақпарат көрсетіледі. Алайда бұл 15-20 жыл бұрынғы кешіктіріп төлеген қарыздарыңыз туралы мәліметтер жойылады дегенді білдірмейді. Олар кредит есебіңіздің толық нұсқасында жазылады, оны кредит бюролары қарыз алушылардың, сондай-ақ банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктер мен басқа адамдардың сұрау салуы бойынша ғана ұсынуға міндетті.