$ 540  630.72  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 12:20
Қоғам

«Халық баратын жерін тез табады»: Астанадағы LRT станцияларының атаулары белгілі болды

Бүгін Астана мәслихаты кезектен тыс сессия өткізіп, осы мәселені қарады

«Халық баратын жерін тез табады»: Астанадағы LRT станцияларының атаулары белгілі болды
Фото: City Transportation Systems

Бүгін Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында «Астана қаласының жеңіл рельсті көлік станцияларына атаулар беру туралы» мәселе қаралап, LRT-ның 18 станциясына атау бекіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында осы мәселе бойынша баяндама жасаған Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп станцияларға атау беруде үш түрлі ұстаным қаралғанын және оның үшіншісі қолдау тапқанын мәлім етті.

«Өздеріңіз білетіндей, Астана қаласындағы LRT-ның құрылысы аяқталауға жақын. Нысанның 18 станциясы бар. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біз осы 18 станцияға атау беруіміз керек. Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Жыл басынан бері бірнеше дүркін кездесу өткіздік, оған ғалымдар, тіл мамандары, тарихшылар, мәслихат депутаттары, уәкілетті органдардың өкілдері қатысты», - дейді ол.

Сәкен Есіркептің айтуынша, осы талқылаулар кезінде үш түрлі ұсыныс болған. Бір топ адам станцияларға тарихи тұлғалардың есімдерін беруді ұсынған, екінші топ тарихи-географиялық дәстүрлі атауларды ұсынса, үшінші топ станция маңына жақын жердегі нысандардың атауын беруді ұсыныпты.

«Әлемдік тәжірибені зерттесек, жер асты метроларының станцияларына сол станцияға жақын орналасқан нысандардың атауы берілген екен. Бізге де осы үшінші ұстаным ұнады. Өйткені, халық баратын жерін оңай тауып алу үшін сол маңайдағы нысанның атауын білу маңызды деп осы үшінші ұстанымға тоқтадық. 2025 жылдың 1 тамызында қалалық ономастикалық комиссияның кезекті отырысын өткізіп, ортақ шешімге келіп, хаттамамен бекіттік. Соны бүгін назарларыңызға ұсынамыз», - деді Сәкен Есіркеп.  

Осы хаттамаға сай, әуежайдан бастан Нұрлы жол вокзалына дейінгі станциялардың атауы мынандай болмақ:

101 — «Әуежай»

102 — «Атамекен»

103 — «Есіл»

104 — «Мәңгілік ел»

105 — «Астана жұлдызы»

106 — «Нұра»

107 — «Университет»

108 — «Ұлы дала»

109 — «Астана Арена»

110 — «Жекпе-жек сарайы»

111 — «Сығанақ»

112 — «Бәйтерек»  

113 — «Министрліктер үйі»

114 — «Ұлттық музей»

115 — «Театр»

116 — «Мыңжылдық аллеясы»

117 — «Жібек жолы»;

118 — «Нұрлы жол».

Серіктес жаңалықтары