ҚТЖ қызметкерлерін боқтаған Асан Үмбетовтің атышулы видеосын кім таратқанын анықтап жатыр
Осы видеодан кейін Үмбетов желі жұлдызына айналған еді

«ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Асан Үмбетовтің онлайн жиналыста қол астындағы қызметкерлеріне боқтап сөйлеген видеосын желіге кім таратқаны анықталып жатыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір өндірістік жиыннан видео тарату фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Жалпы елімізде ақпараттық қауіпсіздік деңгейіне ерекше назар аударылады. Сол себепті барлық квазимемлекеттік компанияны Aitu жүйесіне көшіру туралы шешім қабылданған», - деді Алдыбергенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ оның айтуынша, желіде таралған видеода айтылған рельстен шығып кеткен вагондарды сүйреген машинист пен оның көмекшісіне сөгіс жарияланған.
Жуырда желіде «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Асан Үмбетовтің жиналыс кезінде қызметкерлерге дауыс көтерген сәтінің видеосы тарап кетті. Ол пойыздың 1,5 сағатқа кешігіп қалғанына ашуланып, қарамағындағы қызметкерлеріне ұрысқан. Дөрекі сөздер қосып сөйлеген оны көпшілік қатты сынамай, керісінше «шын жанашыр басшының нақ өзі, қызметіне берілген» деген жылы пікірлер жазды. Асан Үмбетов осы жағдайдан кейін басшылықтан ескерту алған.