Астана маңында құлаған екі ұшақтың апатына қатысты тергеу қашан аяқталады – министр жауабы

Автор: Нұргүл Абай

Министр ресми тергеудің қорытындысын күтуге шақырды

Фото: видеодан скриншот

Биыл жаз айларында Астана маңында апатқа ұшыраған жеңіл моторлы екі ұшақтың не себепті құлағаны бір жылдан кейін белгілі болады. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, ұшақ апаты бойынша тергеу әдетте бір жылға созылады.

«Әрбір апат бойынша тергеу бір жыл бойы жүреді. Сол себепті ресми тергеудің қорытындысын күтеміз. Бірақ Азаматтық авиация комитеті авиация әкімшілігімен бірлесіп тексеріс жүргізу және осы әуе кемелері пайдаланушыларының жұмысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады», - деді Сауранбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Естеріңізге салайық, 2025 жылғы 22 маусымда Астана маңындағы Жоламан аэродромында оқу-жаттығу кезінде жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырады. Борттағы екі адам да қаза тапқан. Көлік министрлігі арнайы комиссия құрып, апаттың нақты себебін анықтауға кірісті.

Ал күні кеше Астанадан елу шақырым жерде Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы құлаған. Бортта пилот пен жолаушы болған. Өкінішке қарай екеуі де көз жұмды. Әлеуметтік желіде апатқа ұшыраған ұшақтың қорқынышты видеосы тараған болатын.

Қазақстанның авиация әкімшілігі 22 маусым мен 17 тамызда болған авиациялық оқиғаларға тікелей қатысы бар әуе кемелері пайдаланушыларының жұмысын тоқтатты.