Алла Тағала Елбасымызға осы бір сынақты еңсеруге күш-қуат берсін - Бас мүфти

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтан коронавирус анықталды 

Алла Тағала Елбасымызға осы бір сынақты еңсеруге күш-қуат берсін. Мұндай тілегін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз көз жеткізіп отырғандай, елімізде жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ. Бұл карантин режимінің талаптарына бағынып, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет деген сөз. Жасты да, үлкенді де аямайтын коронавирус дерті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасын да айналып өтпегендігі жайлы хабар жетті. Алла Тағала дініміз бен дәстүріміздің жанашыры Елбасымызға шипа берсін деп тілейміз. Коронавирус инфекциясына байланысты оқшауланып, емделіп жатқан ел қамындағы ел ағалары мен барша азаматтарға жаратқанның өзі жар болғай! Алла Тағала Елбасымызға осы бір сынақты еңсеруге күш-қуат берсін! Жаратқан жаппар иеміз жер бетінен осы жұқпалы індетті жойып, қалыпты өмір тіршілігіне оралатын күнді жақын еткей!» - деді еліміздің Бас мүфтиі.

Сонымен қатар, ол қасиетті кітабымыз Құранда «расында қиындықпен бірге жеңілдік бар, Алла сендерге жеңілдік қалайды» делінгендігін атап өтеді.

«Барша жамағатты осынау қиын сәтте бір-бірімізді қолдап, еліміздің амандығын сұрап, жұқпалы дерттен тезірек айығу үшін намаздарымыздан кейін көбірек истиғфар мен салауат айтып, дұға жасауға шақырамын. Жаратқан Алла халқымызға амандық берсін! Науқас жандардың тезірек айығып кетуін тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Алла тағала қасиетті отанымызды індеттен аман сақтап, тезірек жақсы күндерде жолығуды баршамызға нәсіп еткей!» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.