Елімізде вирусты жұқтырғандар саны 16 мыңға жуықтады
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева COVID-19 вирусын жұқтырғандардың арасында кімдердің ауруханаға міндетті түрде жатқызылатынын түсіндірді.
Оның сөзінше, ПТР диагностикасынан кейін коронавирус анықталған науқастар симптомды және симптомсыз деп бөлінеді.
«Ешқандай клиникалық белгілері байқалмаған, дегенмен ағзасынан коронавирус табылған адамдар, сонымен қатар, вирус белгілері жеңіл ғана білінген науқастар амбулаторлық бақылауда болады. Бұған тыныс алу қиындығының болмауы, тыныс алу қозғалыстарының саны 1 минутта 24-тен кем болуы, температураның 38-ден көтерілмеуі немесе қалыпты жағдайда сақталуы жатады. Сонымен қатар, тамақтың қызаруы, жыбырлауы, жеңіл жөтел, мұрынның бітелуі секілді жеңіл катаралды белгілер болса да, ауруханаға жатқызылмайды. Қан қысымы 60-80-нің айналасында сақталса да үйде болады. Ал, адамнан интаксикация симптомдары байқалса, яғни бас, бұлшықеттер ауырса, температура 38 градустан жоғары болса, тыныс алуда қиындық туып, деміксе, физикалық ауырлық білінсе ауруханаға жатқызылады», - деді Л. Ақтаева.
Жұқпалы аурулар бойынша маман Динагүл Баешеваның сөзінше, коронавирустың симптомсыз және жеңіл формасымен ауыратындар жалпы науқастардың 80%-ын құрайды.
«Симптомсыз дегеніміз – ешқандай клиникалық белгілері жоқ науқас. Дегенмен, олар айналадағы адамдарға қауіп төндіреді. Олар үйде оқшауланғанымен, ешқандай ем қабылдамауы тиіс. Ағза одан өзі емделіп шығады», - деді инфекционист маман.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирустың 15 877 жағдайы анықталған, 9 902 адам айығып шықты. 100 адам қайтыс болды. 6 831 адам симптомсыз ауырған. Өсім 2,2%-ды құрайды. Өсім көбіне Ақмола, Түркістан, Қостанай, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады. Ауруханадағы 237 баланың жағдайы қанағаттанарлық. Реанимацияда 125 адам жатыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан