Қазақстанның құтқарушыларын АЭС-те болуы мүмкін апаттарға дайындап жатыр (ФОТО)

Автор: Нұргүл Абай

Оқу-жаттығу бес күнге созылған

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Қазақстанда атом электр стансасында болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық мақсатында құтқарушылар үшін оқу-жаттығулар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

11-15 тамыз аралығында Өскемен қаласында Төтенше жағдайлар министрлігі, Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған «Қалқан-2025» бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтті.

 «Іс-шара Қазақстанда салынатын атом электр станциясының құрылысы қарсаңында азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру және қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын енгізу жөніндегі кешенді шаралардың бір бөлігі болды», - деп мәлімдеді ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі.

Оқу-жаттығу барысында түрлі сценарийлер ойластырылып, мемлекеттік органдар, зауыттар, ауруханалар мен жергілікті билік бір-бірімен қалай жұмыс істейтіні пысықталған.

Агенттік атап өткендей, «Қалқан-2025» оқу-жаттығулары Қазақстан атом энергетикасы саласында заманауи технологияларды қолдануға және маңызды нысандарды қауіпсіз пайдалануға дайын екенін көрсеткен.

Естеріңізге салайық, жуырда Алматы облысының Үлкен ауылында еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысы ресми түрде басталды. Оны ресейлік «Росатом» салады. Бұған қоса елімізде екінші және үшінші АЭС те салынады деп жоспарланып отыр. Олардың құрылысымен Қытай компаниясы айналыспақ.