Салық дауы: танымал қазақстандық блогер мемлекетті сотқа беріп, жеңіп шықты

Автор: Нұргүл Абай

Блогерге өзінің адал салық төлеуші екенін дәлелдеуге жарты жыл уақыт кеткен

Фото: Әлішер Елікбаевтың жеке парақшасынан

Танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев өзін салықтан жалтарды деп айыптаған мемлекеттік кірістер комитетін сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Естеріңізге салайық, биыл ақпан айының ортасында желіде миллиондап, тіпті миллиардтап салық төлемеген блогерлердің тізімі жарияланып кеткен еді. Олардың арасында Әлішер Елікбаев та бар.

«Бірнеше әріптесіме миллиардтаған теңге табыс есептеліп, содан мемлекетке тиесілі бөлігін төлемеген деп көрсеткен. Ондаған инфлюенсерге – жүздеген миллион, ал көпшілігіне – 20 миллионнан 100 миллионға дейін, ал маған – екі жылға небәрі бес миллион теңге. Мен бұл тізімнің басты аутсайдері болдым», - деп жазады Елікбаев желідегі парақшасында.

Блогердің айтуынша, кейбір әріптестері салық органдарына барып, мұндай енді қайталанбайды деп уәде берген. Ал енді бірі Мемлекеттік кірістер комитетімен саудаласып, көбі сомаларын азайтып алған.

«Бізге бәрімізге «блогерлерге қатысты операция сәтті аяқталды деп есеп беруіміз үшін кінәларыңды мойындап, тым болмаса қазынаға аз-маз салық төлеңдер, әйтпесе проблемаға тап болатындарыңа кепілдік береміз» деп меңзеді. Маған басқа да танымал адамдар хабарласты, тіпті мемлекеттік қызметте істейтін туыстарым «қажетті адамдармен кездесіп, келіс, бірақ қазынаға бір тиын болса да төле, онсыз болмайды» деп кеңес берді. Бірақ мен қиын жолды таңдадым», - дейді Елікбаев.

Блогер ақшаны оңды-солды шашпайтынын тілге тиек етіп, керісінше осы жылдар бойы салықты уақытында төлеу, жарнаманы белгілеу туралы талаптарды қолдап келе жатқанын атап өтті. Сол себепті салықтан жалтарған блогерлердің тізіміне қалай кіріп кеткенімді түсінбеймін дейді ол.

«Мемлекеттік кірістер комитеті мені өздерінің амбассадоры етудің орнына мені жауапсыз салық төлеушілердің қатарына қосып қойған. Біз қолымызға барлық түбіртекті алып, салықшылармен кездесуге бардық. Балалар хосписіне арналған реанимобиль алу үшін ақша жинағанымызды, оны сатып алып, табыстағанымызды, халықтан Минскіде донор бүйрегін ауыстыруға екі операцияға қаржы жинағанымызды, Украинадағы соғыстың алғашқы күндерінде Киев дәрігерлеріне Украина елшісінің өтінішімен дефибриллятор сатып алғанымызды айтып түсіндірдік. Бұл ақшаның бәріне салық салынған жоқ, өйткені бұл менің табысым емес, қаражат бірден қайырымдылық қорларына, клиникаларға, автозауыттарға немесе медициналық жабдық дистрибьютерлеріне жіберілді», - деп жазған ол.

Алайда блогердің сөзіне салық органдары құлақ аспаған. Осыдан кейін Елікбаев мемлекеттік кірістер комитетін сотқа берген. Сот салықшылардың әрекетін заңсыз деп танып, толыққанды салық тексерісін жүргізуден бас тартқан. Сот процесі жарты жылға созылыпты.

Жуырда қаржы министрі Мәди Тәкиев салық органдары қазір 7 блогермен соттасып жатқанын хабарлаған.