«Балам қиналып өлді»: 19 жастағы жігітті өлтірген офицерге сот үкімі шықты
Абдижамиловтен жәбірленушінің пайдасына 20 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді

Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Сарыағаш қаласының маңында 19 жастағы жігітті өлтіріп кеткен әскери қызметкер мен олардың серіктеріне үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Сот әскери қызметкерді «Адам өлтіру» бабы және «Алаяқтық» бабымен, ал оның серіктерін «Қылмыс туралы хабарламау» бабымен кінәлі деп танып, түрмеге жапты.
«Мурод Абдижамилов 19 жастағы мүгедек жігітті азаптап, аяусыз 14 жерінен пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Ол «Адам өлтіру» бабы және «Алаяқтық» бабымен 15 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Диас Ибрагимов пен Адина Мамаеваны «Қылмыс туралы хабарламау» бабымен сотқа тартылды», - деп хабарлады телеарна.
Абдижамилов қылмыс жасағанда әскери қызметкер болған. Сондықтан іс әскери сотта қаралды.
Сот үкімімен:
- А-ны 15 жыл бас бостандығынан айыру;
- И-ды «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын қолдану арқылы 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру;
- М-ны 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сонымен қатар сотталған Абдижамиловтен жәбірленушінің пайдасына 20 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді.
Істің мән-жайы
Оқиға 20 ақпан күні болған. Көрші үйдің моншасына барып, хабар-ошарсыз кеткен 19 жастағы Жасұлан Әбдіманаптың денесін Сарыағаш қаласының шетінен шопан байқап қалған еді. Марқұмның туыстары қылмыскердің жас жігітті елсіз жерге апарып өлтіріп тастап кетуінің себебі бар деген. Айтуларынша, марқұм сотталушыларға несие алып берген. Туыстарының сөзінше, олар қарызды қайтармау үшін оны өлтіріп тастаған. Марқұмның анасы Райхан Жамалова сот үкімімен келіспейді.
«Тым жеңіл жаза бергені үшін қарсы болып отырмын. Не істерімізді білмей, басымыз қатып кетті. Адвокаттармен тағы ақылдасып, апелляциялық сотқа берсем деп отырмын. Өйткені тым жеңіл жаза беріп отыр. Жап-жас баламды айдалаға апарып өлтірді, 14 жерінен пышақтаған, балам өмірден қиналып өтті», - дейді марқұмның анасы Райхан Жамалова.
Жәбірленушінің сөзінше, айыпталушылар мен олардың туыстары өкініш білдіріп, бірде-бір рет кешірім сұрамаған. Марқұмның анасы баласының таныстарына несие алып бергенінен хабарсыз қалған.
«Менің баламды азаптап өлтірді. Бірақ ата-анасы өкінген жоқ. Кеше сотта да ешқандай өкінішсіз сағызын шайнап, күліп отырды», - дейд Райхан Жамалова.
Марқұм отбасындағы 4 баланың кенжесі еді. 8-сыныпта басынан ісік алынып, ауыр дертті жеңгеннен кейін екінші топ мүгедектігін алған.