Бір үйдің екі баласы Тоқаевтың алдына қалай тап болды (ВИДЕО)

Автор: Нұргүл Абай

Ағалы-қарындас Ерасыл мен Айару білім мен спортта биік белестерді бағындырып келеді

Фото: видеодан скриншот

Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Салтанатты шараға жиналғандар арасында Ерасыл Алтынбек те бар, былтыр оның шахматшы қарындасы Айару да арманы орындалып, мемлекет басшысымен кездескен екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда президенттің қолынан марапат алған жас жеңімпаз Ерасыл Алтынбектің видеосын жариялап, «бір үйдің қос перзенті – тұтас елдің мақтанышы» деп жазған.

Ерасылдың айтуынша, былтыр шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанған қарындасы Айару президентпен кездессе, биыл сол мүмкіндік Ерасылдың өзіне де бұйырыпты.

«Менің қарындасым, шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Алтынбек Айару 2024 жылы сізбен кездескен еді. Енді сол мүмкіндік маған да бұйырды. Біз – талантты, жігерлі, өзіне сенімді, арманға бай және ерік-жігері мол жастармыз. Біз сіздердің артқан сенімдеріңізді ақтау үшін әрдайым бар күшімізбен аянбай еңбек етуге уәде береміз», - деді Ерасыл.