Тоқаев алғашқы АЭС-тің атауы үшін халық арасында байқау жариялауды ұсынды

Автор: Нұргүл Абай

Үлкен ауылында АЭС құрылысы басталып кетті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде салынатын алғашқы атом электр стансасының атауына халық арасында байқау жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Росатом» компаниясымен бірге салынатын алғашқы атом электр стансасы стратегиялық маңызға ие. Бірер күн бұрын оның құрылысы ресми түрде басталды. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз, – деді президент бүгін Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесуде.

Айта кетері, еліміздегі алғашқы АЭС-ті ресейлік «Росатом» компаниясы салады. Энергетика нысаны Алматы облысының Үлкен ауылында бой көтереді. Ал екінші және үшінші АЭС-тің құрылысымен Қытай компаниясы айналысады деп жоспарланып отыр.