Спорт жарысы нағыз достық пен бірліктің мерекесіне айналды
Жамбыл ауданының Мирный ауылында жастар арасында дәстүрлі «Жастар» спартакиадасы ұйымдастырылды. Іс-шараға ауданның барлық 13 ауылдық округінен командалар қатысып, бірнеше спорт түрінен бақ сынады. Жарыс бағдарламасына әйелдер арасындағы мини-футбол, ерлер мен әйелдер арасында жағажай волейболы, сондай-ақ жеңіл атлетика түрлері кірді.
Спартакиаданың басты мақсаты — ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттыру, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі Азамат Бектасов қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың жастар өміріндегі рөліне тоқталды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар саясаты мен спортты қолдау бағытындағы бастамаларын атап өтіп, бұл бағытта ауданда тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Біз бүгін тек спорттық бәсекені көруге жиналып отырған жоқпыз. Біз достықтың, ынтымақтастықтың, бірлік пен патриотизмнің көрінісін көріп отырмыз. Мұндай іс-шаралар жастардың жауапкершілігін арттырып, мақсатына жетуге деген ұмтылысын жани түседі», - деді аудан басшысы.
Жарыс кезінде шағын-футболдан қыздар командалары арасында тартысты матчтар өтті. Қатысушылар мықты физикалық дайындықтарын және тактикалық шеберліктерін көрсетті. Ал жағажай волейболы бойынша ерлер мен әйелдер арасында өткен кездесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Спортшылар допты дәл беріп, әр ұпай үшін жанын салып ойнады. Жеңіл атлетика бойынша жүгіру, эстафета және секіру сайыстары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылардың шапшаңдығы мен төзімділігі басты бағалау көрсеткіші ретінде қаралды.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақыт Ыбырайдың айтуынша, мұндай жарыстар ауыл жастарына өз мүмкіндіктерін көрсетуге және командалық рухты нығайтуға мүмкіндік береді.
«Біз жыл сайын төрт түрлі спартакиада өткіземіз: қысқы, жазғы, ұлттық спорт түрлері бойынша және жастарға арналған арнайы спартакиада болады. Ауыл жастарының белсенділігін арттырып, спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған бұл бастамалар өз жемісін беріп келеді»,- деді ол.
Биыл жарыстың нәтижесінде Благовещенка ауылдық округінің спортшылары бас жүлдені иеленіп, кубок пен ақшалай сертификатқа ие болды. Күміс жүлде Преснов ауылдық округіне бұйырды. Ал үшінші орынды Мирный ауылдық округінің командасы иеленді. Барлық жеңімпаздарға арнайы марапаттар, дипломдар, грамоталар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылар келесі жылы бұл спартакиаданы Благовещенка округінде өткізуді жоспарлап отыр. Спорттық шара аясында ауыл жастары арасында таныстық орнап, ынтымақтастық нығайған. Сонымен қатар, бұл спартакиада салауатты өмір салтын насихаттап, ауыл жастарын белсенділікке шақырды.
Жамбыл ауданының әкімдігі мен спорт бөлімі алдағы уақытта да осындай спорттық бастамаларды жалғастырып, ауылдық округтерде спорт инфрақұрылымын дамытуға күш салмақ. Бұл аудан жастарының өмір сүру сапасын арттыруға және дені сау буын тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылады.