«Тамызда үйді босатуымыз керек»: Балқаш тұрғыны әкімдіктен сүрілетін үйдің өтемақысын ала алмай отыр
Баспана тұрғындардың өз атында тіркелмеген соң мәселе туындаған

Редакциямызға Балқаш қаласының тұрғыны Сәндігүл Садуақасова хабарласып, апатты үй деп танылған жалғыз баспанасының орнына не жаңа үй, не өтемақы ала алмай қалуы мүмкін некенін айтты. Әкімдік одан 15 тамызда үйді босатуын сұрап отыр екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2021 жылы қызым Қымбат Бауыржанова маған өз қаражатына Балқаш қаласынан үш бөлмелі пәтер сатып алып берген еді. Сол уақыттан бастап мен және отбасым (балаларыммен бірге) осы пәтерде тұрақты тұрып келеміз. Коммуналдық төлемдерді өзім төлеп отырдым. Алайда пәтердің құжаттары қызымның атына рәсімделген, себебі мен де, қызым да банк алдындағы несиелік міндеттемелерімізге байланысты «қара тізімде» болғандықтан, ол пәтерді менің атымa ауыстыру мүмкін болмады», – дейді Садуақасова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда әкімдік бұл үйді апатты жағдайдағы баспана деп танып, 15 тамызға дейін үйді босату қажеттігін ескерткен.
«Алайда бізге жаңа пәтер де, өтемақы да берілмейді, себебі пәтер қызымның атына тіркелген және оның атында тағы бір баспана бар. Бірақ бұл пәтер шын мәнінде мен үшін, менің тұруыма арнайы алынған баспана болатын. Яғни, қызым тек сатып алушы ретінде әрекет етті, ал іс жүзінде ол үйде тек мен балаларыммен тұрамыз. Бұл тұрғын үйдің подъезінде тағы жеті пәтер бар және сол пәтерлердің иелеріне тұрғын үй немесе басқа да өтемақылар беріліп жатыр. Тек мен ғана бұл мүмкіндіктен айырылып отырмын. Мен зейнеткермін, жұмыс істемеймін. Отбасымызда жалғыз табыс көзі – жұбайымның аз жалақысы. Пәтер жалдап тұруға мүмкіндігіміз жоқ. Барар жер, басар тауымыз жоқ», – дейді Сәндігүл Садуақасова.
Ол бұл мәселенің қоғамға кеңінен таралғанын қалайды. Зейнеткердің қызы Қымбат Бауыржанқызы да бұл үйді анасына алып бергенін, өзі Астанада тұратынын айтты.
«2021 жылы өз табысыма, жинаған қаражатыма анама үш бөлмелі пәтер сатып алып берген едім. Анам мен отбасы мүшелері сол жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аталған пәтерде тұрып келеді. Өкінішке қарай, менің банк алдындағы несиелік тарихым нашар болғандықтан, бұл пәтерді анамның атына рәсімдей алмадым. 2025 жылдың шілде айында әкімдік өкілдері бұл үйдің апатты жағдайда екенін, 15 тамызға дейін босату керек екенін хабарлады. Алайда пәтер менің атымда болғандықтан, әкімдік ешқандай өтемақы да, жаңа баспана да берілмейтінін айтты. Себебі менің атыма тағы бір тұрғын үй тіркелген. Бірақ ол – өзім және отбасым үшін арналған үй, ал анам тұрып жатқан пәтер – менің анама арнайы алып берген баспанам», – дейді Қымбат Бауыржанова.
Ол атап өткендей, бір подъезде орналасқан басқа 7 пәтердің тұрғындарына жаңа үй немесе өтемақы беріліп жатыр, ал тек анасына мұндай көмек төленбей жатыр.
Ал биылдың басында Балқаш әкімі Сапар Сатаев апатты жағдайда тұрған үйлердің орнына басқа пәтер не болмаса баспананың құны берілетінін айтқан. Кәсіпкерлер бұл ескі үйлердің орнына басқа үй салады. Оған дейін кәсіпкер тұрғындарға өзге үйді жалға алып бермек. Әкімнің өзі тұрғындармен жеке кездесіп, бағдарламаны түсіндіріп кеткен.
Алайда Қымбат Бауыржанова егер де үй өзге адамның атында жазылып тұрған жағдайда, жаңа баспана берілмейтінін әкімдік басында айтпағанын алға тартады.
«Жеме-жемге келгенде, "Кімнің атында үй бар – бермейміз", деп отыр. Мен үш заңгермен сөйлестім. Олардың бәрі жаңа үй берілмеген жағдайда, өтемақы төленуі керек деп отыр. Алайда әкімдік одан да бас тартып отыр екен. Бұл – адамның боз үйі, өздері тұрып отырған жалғыз шаңырақ. Астана қаласында да ескі үйлер сүріледі. Саяжай болса да, оның өтемақысын төлеп береді. Басында "5 не 10 үй жазылып тұр" деген мәселе жоқ еді. Ал Балқашта "үйді босатыңыз" деп отыр. Сонда отбасым далада қалуы керек пе? Осы мәселе шешілсе екен дейміз», – деді Қымбат Бауыржанова.
Редакция бұл мәселе бойынша Балқаш қаласының әкімдігіне хабарласады.