«Қазақстан медицинасы әлдеқашан сенімді жоғалтқан» - вакцинаға қатысты белсенділер мен дәрігерлер пікір таластырды

Автор: Azattyq Rýhy

Денсаулық кодексіне енетін өзгерістер жайлы

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен Денсаулық кодексіндегі жаппай вакцинацияға арналған онлайн дөңгелек үстел өтті. Жиналыста екпеге қарсы қоғам белсенділері мен денсаулық сақтау вице-министрі Людила Бұйрабекова және фармацевт, дәрігер мамандар пікір білдірді.

«Бүкіл әлем коронавирус пандемисымен күресіп жатқан кезеңде вакцинацияның маңызды екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұдан бөлек, вакцинаны күтіп отырғандар да бар. Ал біраз адам оған қарсы. Вакцинацияның өзіне емес, оның сапасына сенбейді. Жаңа кодексте сол сапасыз вакцинацияға жол бергендерге қатысты қатаң жаза қарастырылған. Сапалы екпе – ұлттың денсаулығын қамтамасы етеді. Біз қоғамды сабырға келтіріп, вакцинацияға қарсы азаматтарды сендіре аламыз деп ойлаймын», - деді Аида Балаева.

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының Светлана Фортуна екпе туралы ақпарат аз болғандықтан балалар зардап шекті деп есептейді.

«Менің үлкен қызым екпе алған. Содан кейін жағдайы қиындады. Онысын әлі дәлелдей алмай келем. Кішкентай қызым вакцина алған жоқ, денсаулығы жақсы. Біз вакцинация туралы өздігімізден оқып уақыт жоғалтамыз. Мемлекет ол туралы дұрыстап түсіндірмейді. Вакцина жайлы арнайы үкіметтік сайт ашу керек. Онда аннотациялар, қарсы болғандардың пікірі, вакцинаның пайдасы туралы ғылыми тұжырымдар болуы тиіс.  Менің білуімше, вакцина баланың ағзасында барлық ауруларды қоздыратын зат. Қазақстанның вакцинация күнтізбесіне сәйкес, бала 18 айда 21 түрлі ауруды бастан өткереді. Біз бәрін табиғатқа қалдырып, баланың қандай дертпен ауыратынын бақылауымыз керек шығар. Иммунитет эволюциялық жолмен қалыптасады», - деді ол.

Актрисаның сөзінше, денсаулық сақтау жүйесі әлдеқашан сенімнен айырылған.

«Баланы вакцинациялау арқылы ата-ана үлкен тәуекелге бел буады. Себебі, бала вакцина құрамындағы улы заттарды көтере алмауы мүмкін. Мүгедек болуы да, өліп кетуі де мүмкін. Ата-ана екпеден кейінгі баланың жағдайы қиындағанын дәлелдей алмайды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі вакцинадан кейінгі жағдайды бақылайтын комиссия құрып, органдарды тартуы қажет. Неге осы күнге дейін комиссия жоқ?! Мүмкін, ол мемлекетке тиімсіз шығар. Меніңше, Қазақстан медицинасы азаматтардың сенімі мен құрметін әлдеқашан жоғалтқан. Дегенмен әлі сенімді қайтаруға себеп бар. Оларды кодексті талқылауға белсенділерді тартуы қажет. Ал вакцинаны міндеттемеу керек, вакцина алуға құқық беру керек», - деп пікір білдірді С.Фортуна.

Халық емшісі Виктория Ли екпе қызылша ауруын тудырады дегенді алға тартты.

«Менің 3 балам бар. Алғашқыда медицинамызға толық сендім. 1-еуі 1 жасқа дейін екпе алды. Бірінші қызым өскенде жағдайы қиындағанын вакцинаға қатысты екенін ойламадым. Кейін екі балам вакцинасыз сап-сау болып өскен соң ұқтым. Бала екпеден соң қызылшамен ауырған соң «отказ» жаздым. Менің сөзімше мемлекеттік деңгейде вакцинаға эксперимент жасау керек... Вакцина құрамында формальдегид бар. Ол қатерлі ісікті қоздыратын канцероген»,- деп айтты ол.

«Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау Ұлттық орталығы» басшысы орынбасары Арнұр Нұртаев екпенің құрамындағы заттардың ешқандай зияны жоқ деп отыр.

«Ең бастысы – вакцинадағы формальдегидтің үлесі өте аз. Сіз оны екпеден гөрі, судан, азық-түліктен көбірек сіңіресіз. Он мыңдаған зерттеулер екпе құрамындағы заттардың мүлдем зиянсыз екенін көрсетіп отыр. Қазақстанда дәрілік заттардың сапасын тексеру нашар дегенге айтарым – керісінше біздің бақылаулар еуропалық стандартқа сай», - дейді ол.

А.Нұртаев Қазақстанда екпеден бірде-бір бала қайтыс болмаған деп сендірді.

«Біз вакцинадан зардап шектік деген азаматтарды әрдайым тәуелсіз сараптама жасауға шақырамыз. Орталық бәрін ашық тексеруге дайын. Бірақ адамдар құр кінә артады да, істі тексеруге дейін жеткізбейді... Бүгінге дейін екпеден бірде-бір бала өлген жоқ. Бізге шағым айтқан әйелдер хабарлама қалдыратын «сары қағазды» толтырмайды. Онсыз тексеру жүргізе алмамыз», - деді ол.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан