Коронавируспен симптомсыз ауыратындар қалай емделеді – вице-министр жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда елімізде коронавирусты емдеу хаттамасы өзгерді

Фото: zakon.kz

Өткен аптадан бастап елімізде коронавируспен симптомсыз ауырған науқастар статистикасы бөлек жүргізілуде. Бүгін еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева тікелей эфирге шығып, симптомсыз ауырған науқастардың қалай емделетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, симптомсыз науқастар дегеніміз – ПТР-тест нәтижесі COVID-19 вирусы бар екенін көрсеткенімен, денсаулығына қатысты клиникалық шағымы жоқтар.

«Симптомсыз науқас деп бойында инфекция болғанымен, денсаулығына қатысты клиникалық шағымы жоқ адамды айтамыз. Симптомсыз науқастар амбулаторлы бақылауға алынып, үйде оқшауланады. Оқшауланған кезде эпидемиологиялық режим қатаң сақталуы тиіс. Симптомсыз науқастар ешқандай дәрі қабылдамайды. Ал, егер  14 күн ішінде температура, құрғақ жөтел пайда болса, 103 немесе 1406 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыздар. Науқас жатқан бөлмеге жақындары тек маскамен кірулері тиіс. Температураны күніне екі рет өлшеп, үйді желдетіп, тазалық сақталуы тиіс», - деді ол.

Қазіргі таңда коронавирустан емделіп жатқан Денсаулық министрі Елжан Біртановтың міндетін атқарушы вице-министрдің айтуынша, мынадай белгісі бар адамдар ғана ауруханада емделеді.

«Науқастың тамағы жыбырлап, мұрны бітеліп, кеудесінде демігу пайда болып, дене температурасы 38 градустан жоғарылап, басы ауырып, тәбеті жоғалып, тыныс алуы нашарласа, жүрегі айнып, денесі бөрткен кезде ғана инфекциялық ауруханаға жатады. Бүгінгі таңда Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қызылорда облыстарында орын жетіспеушілігі бар. Бірақ бұл дәрігерлер мен науқастарға арналған орындар мүлдем жоқ дегенді білдірмейді, еліміздегі әрбір провизорлы екінші орын бос», - деді ол.

Айта кететіні, қазіргі таңда елімізде коронавирусты емдеуге қатысты хаттама өзгерді. Вице-министрдің айтуынша, қазақстандықтар № 9-шы хаттамамен емделуде.

Бүгінде коронавирус инфекциясымен республика бойынша 918 адам тіркелді, оның 600 симптомсыздар. 190 адам жансақтау бөлімінде жатыр.