Алматыда ХҚКО қызметінің жұмыс кестесі өзгерді
ХҚКО-лар азаматтарды тек сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін ғана қабылдайды
Алматыда ХҚКО тұрғындарды тек алдын ала брондау арқылы ғана қабылдайды. Төтесінен келген және көрсетілген уақыттан тыс брон жасаған жандар ғимаратқа жіберілмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі уақытша өзгерді. Енді қаладағы барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары күніне 6 сағаттан ғана жұмыс істейді. Яғни, азаматтарды күнделікті сағат 10.00-ден 16.00-ге дейінгі аралықта қабылдайды.
«Осыған байланысты Алматы қаласының Халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде қызмет алу үшін кезекті сағат 15.30-ға дейін брондау қажет. Одан кейінгі бронь жарамсыз деп саналады. Мемлекеттік қызметті алуға байланысты қиындықтар мен мәселелер туындаған жағдайда, «1414» бірыңғай байланыс орталығына ұялы және стационарлық телефондардан жүгіну керек», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы филиалының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жаңыл Әпетова.