Қалада 55 әскери-патриоттық клуб бар
Семей қаласында жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдіктің ақпаратынша, бүгінде қала аумағында 55 әскери-патриоттық клуб тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл клубтардың мақсаты жастардың бойында әскери қызметке деген қызығушылық пен отансүйгіштікті қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі таңда бұл ұйымдарға 1895 жас мүше болып, түрлі іс-шараларға белсенді қатысуда. Сонымен қатар, 16 кадет сыныбында 602 оқушы білім алып, алғашқы әскери дайындық негіздерін меңгеріп келеді.
Жастарды сапалы даярлаумен қатар, әскери бөлімдердің ішкі тәртібі мен моральдық ахуалына да ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде барлық санаттағы әскери қызметшілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде анықтау мақсатында ай сайын анонимді сауалнама жүргізіледі. Бұл тәсіл қызметкерлердің ішкі жай-күйін зерттеп, ұжымдағы үйлесімділікті сақтауға мүмкіндік береді.
Әскери тәртіптің өзегі саналатын психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тәуліктік нарядқа түсетін қызметшілер күн сайын психологиялық тестілеуден өтеді. Тестілеудің нәтижесіне қарай олардың нарядқа шығып-шықпау мәселесі шешіледі.
Бүгінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде қызмет атқарып жүрген жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде деп бағаланып отыр. Олар жүктелген міндеттерді орындауға толық дайын, деп атап өтті қала әкімдігі.