Қазақстандықтар бір ай ішінде банктерден тағы 500 млрд теңге қарыз алған

Автор: Нұргүл Абай

Төленбегеніне үш айдан асқан несиелердің үлесі – 976 млрд теңге

Фото: istockphoto.com

2025 жылғы 1 шілдедегі ақпарат бойынша Қазақстан халқының тұтынушылық және ипотекалық қарызы 22,6 триллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1 маусымдағы жағдай бойынша халыққа берілген кредиттер 22,1 триллион теңге болған еді. Яғни бір ай ішінде қазақстандықтар банктерден тағы 500 млрд теңге несие рәсімдеген.

«Халыққа берілген кредиттер 2025 жылғы маусым айында тұтынушылық қарыздардың 2,6%-ға, 15,3 трлн теңгеге дейін және ипотекалық қарыздардың 1,3%- ға, 6,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 2,1%-ға өсіп, 22,6 трлн теңгені құрады», - деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Осы жылдың басынан бері халықтың несиесі 9,1%-ға артқан.

Агенттіктің ақпаратынша, банктердің несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде қалып отыр.  1 шілдедегі жағдай бойынша халықтың кредиттері бойынша NPL90+ қарыздардың үлесі 4,3%-ды немесе 976 млрд теңгені, бизнес кредиттері бойынша – 2,2%-ды немесе 343 млрд теңгені құрады. Төленбегеніне 90 күннен асқан кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі 65,9 пайыз болған.