Тікұшақтың сынықтары табылған
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Әуе қорғанысы күштерінің бес күн бұрын жоғалып кеткен EC-145 тікұшағын іздеу жұмысының барысымен жеке танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іздеу жұмыстары жүріп жатқан аймақта Дәурен Қосанов жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездесті. Министр оларға қолдау білдіріп, операция тәулік бойы жалғасатынын, барлық ресурс жұмылдырылғанын және әскерилер жолдастарын табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.
«Біз соңына дейін әрекет етіп, іздеуді жалғастырамыз. Жақын туыстарына жан-жақты қолдау көрсетіледі, күн сайын байланыстамыз. Қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және жоғалғандарды табу үшін бар күшімізді саламыз», – деп сендірді қорғаныс министрі.
Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасовтың айтуынша, Сорбұлақ көлінің табиғи және техногендік ерекшеліктері барынша техникалық жарақтандыруды және операцияға қатысушылардың іс-қимылдарын нақты үйлестіруді талап етеді.
«Іздеу жұмыстарына су асты рельефі мен түбінің шөгінді, тереңдігінің өзгермелі және судың лай болуы кедергі келтіріп жатыр. Алайда 25 шілдеде жоғалып кеткен Әуе қорғаныс күштері EC-145 тікұшағының бортында болғандардың қай жерде екенін анықтау бойынша ауқымды іздеу-құтқару операциясы күндіз де, түнде де тоқтамайды», – деп мәлімдеді ол.
Тікұшақ экипажының командирі Үйсенбай Нұржігітің ағасы Медет Ержігіттің айтуынша, ұшқыштардың туыстары таңнан кешке дейін жедел штаб орналасқан іздеу орнында. Олар іздеу тобымен бірге Сорбұлақ көлін айналып өтіп, әуеден тікұшақты су түбінен көру мүмкін еместігіне көз жеткізген.
Естеріңізге салайық, 25 шілде күні Сорбұлақ су қоймасы аумағында әскери тікұшақ жоғалып кетті. Бортта экипаждың үш мүшесі болған. Жоғалған ұшқыштарды іздестіру операциясына 400-ден астам адам, кинологиялық топтар, 70-тен астам жерүсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ҰҰА, эхолоттар, суасты сканерлеу құралдары жұмылдырылды.