$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.06.2020, 17:37
Қоғам

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың дені – жастар

Ауырғандардың 37%-ның жасы 20-29 аралығында

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың дені – жастар

Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны қайта көбейе бастады. Бүгінге дейін 3 113 адамнан КВИ анықталса, тағы 813 адамның ауруы симптомсыз. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, қалада вирус жұқтырғандардың басым көпшілігі – жастар. Олар көп жағдайда науқастармен байланыста болып, байқаусызда ауру жұқтырып алған көрінеді. Ауруларын да профилактикалық тексеру кезінде білген.

«Ауруды жұқтырғандар арасында жастар көп. Мәселен, науқастардың жалпы санының 36,8%-ын 20 мен 29 жас аралығындағы алматылықтар құрайды. 30-39 жас арасында – 18,9%, 40-49 жас – 14,5%, 50-59 жас – 11,7%, 60 жастан жоғары және одан да жоғары егде жастағы адамдар арасында жұқтырғандардың пайыздық үлесі – 8,1%. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасында тіркелген жағдайлар да бар, 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 5,1% және 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында – 4,9%», - деді К. Надыров.

Жұқпалы аурулар стационарларында жалпы 1 226 адам жатыр, оның ішінде 57 бала бар. 5 адамның жай-күйі – өте ауыр, 62-де – ауыр, 575 адамда – ауырлықтың орташа дәрежесінде, 584 адамда – қанағаттанарлық жағдайда, симптомсыз – 55 адам бар. Ауру белгісі жоқ науқастар да тәуекел тобына кіретін науқастар санатына жатады. Басқарма басшысы ауырған тұрғындардың кез келген жағдайда инфекциялық ауруханаға жатқызылатынын хабарлады.

«Өкінішке қарай, біз жағдайы ауырлаған пациенттер санының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Соңғы апталарда олардың саны 36-дан 62 адамға дейін өсті. Бақылау кезеңінде клиникалық симптомдарының (дене қызуының көтерілуі, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу) дамуы кезінде пациент жұқпалы аурулар стационарына жіберіледі. Емдеуге COVID-19 диагнозы расталған, егер олардың температурасы 3 күн ішінде 38,5°С болса, сатурация (қанның оттегімен қанығуы) 95% аз болса, екі өкпесінде де 25% астам пневмония белгілері бар (КТ нәтижелері болған жағдайда) пациенттер жатады»,  - деді басқарма басшысы.

Стационарға созылмалы ауыр аурулары бар, COVID-19 вирусы анықталған, 65 жастан асқан пациенттерді және гемодиализ ем-шарасын қажет ететін, иммундық тапшылық жағдайлары бар  науқастарды жібереді.

«Төсек-орын жеткілікті болғанымен, вирус жұқтырған адамдар саны артып барады. Ауруханаларда орын шектеусіз деп айтуға болмайды. Орынды қамтамасыз ету үшін ауыр жағдайдағы адамдардың өмірін сақтап қалу үшін сараптама жүргізіледі. Науқастарға медициналық жабдықтардың жалпы жеткіліксіздігі байқалады. Сондықтан бір жаққа баратын кезде ойлану керек. Біз халықтың еркін жүргенін, көшедегі адам санының көптігін көріп отырмыз. Мен халықты тағы да жауапкершілікке шақырамын», - деді ол.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары