Солтүстіктегі серпінді өзгеріс: Петропавлда тұрғындар саны өсіп келеді
Еңбекке қабілетті азаматтар қала тұрғындарының 43 пайызына тең

Солтүстік Қазақстанның әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы саналатын Петропавл қаласы соңғы бес жылда бірқатар маңызды әлеуметтік-демографиялық өзгерісті басынан өткерді. Қаланың даму динамикасы мен тұрғындардың өмір сүру сапасына қатысты көрсеткіштердің тұрақты ілгерілеуі байқалады. Халық саны, көші-қон, этникалық құрылым, тұрғын үй мен инфрақұрылым, қоғамдық көлік және экология салаларындағы жағымды өзгерістер өңірдің әлеуеті зор екенін айқындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халық саны тұрақты өсіп келеді
2020 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Петропавл тұрғындары 2 861 адамға көбейіп, 222 387 адамға жетті. Қалада демографиялық тұрақтылық сақталған, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасып келеді. Халықтың жас ерекшелігіне көз жүгіртсек, 0-14 жас аралығындағы балалардың үлесі – 21%, ал 30-64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтар 43%-ды құрайды екен. Зейнет жасындағы тұрғындардың үлесі – 24%. 65 жастан асқандардың үлес салмағына қарап, қаладағы өмір сүру сапасына қатысты оң тенденцияны аңғаруға болады.
Этникалық әртүрлілік пен ұлттар татулығы
Петропавл – сан түрлі этнос өкілдері бейбіт тіршілік ететін бірегей орта. Қала тұрғындарының басым бөлігін орыстар (117 548) мен қазақтар (75 116) құрайды. Сонымен қатар, украин, неміс, татар, поляк, беларус ұлттарының өкілдері де бар. Қалада әр түрлі этнос өкілдерінің басы бірігіп, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қалада тіркелген 26 этномәдени бірлестік түрлі мәдени іс-шаралар мен қоғамдық бастамаларға белсенді араласып отырады.
Көші-қон мәселесі
Кейінгі жылдары облыстан көшіп кету үрдісі жиі байқалғанымен, бұл жағдай жергілікті биліктің назарынан тыс қалған жоқ. Ішкі көші-қонның негізгі себептері ретінде жұмысқа орналасу, білім алу, денсаулық сақтау және отбасымен қайта қауышуды атасақ болады. Осы бағытта мемлекет қолдау тетіктері қарастырылған. Қоныс аударушыларға арналған тұрғын үй субсидиялары, бейімделу орталықтары, заңдық көмек көрсетіледі. Бұл ретте жаңа үйлердің салынуы, елді мекендерді абаттандыру жұмысы әлеуметтік интеграцияны жеңілдетіп, Петропавлдың әлеуметтік құрылымын байыта түскені сөзсіз.
Тұрғын үймен қамту және қоғамдық көлік қызметі
Петропавлда әлеуметтік әділеттілік пен қолжетімділікті көздеген тұрғын үй саясаты жүйелі жүргізіліп отыр. Жыл сайын жаңа үйлер салынып, ескі жекеменшік нысандар орнына заманауи үлгідегі көпқабатты баспаналар тұрғызылады. 2025 жылдың өзінде 6 жалдамалы-коммуналдық үй пайдалануға берілді. Ал тұрғын үйге кезек ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрландырылып, «Отбасы банк» базасына берілген.
Инженерлік инфрақұрылым саласындағы жұмыстар да қарқынды жасалып жатыр. Мәселен, жылу, су, кәріз және электр жүйелері жаңартылып, энергия үнемдейтін жарықтандыру желілері орнатылуда. Соның арқасында қала келбеті жыл сайын көркейіп келеді.
Қалалық автопарк кезең-кезеңімен жаңартылуда. 2021 жылдан бастап 133 жаңа автобус сатып алынып, автопарктің 80%-ы жаңаланған. Қалған техникаларды жаңарту 2026 жылға жоспарланған.
Жасыл қалаға айналу үрдісі қарқын алған
Қаланың экологиялық келбетін жақсарту бағытында нақты жұмыстар атқарылып отыр. Соңғы бес жылда «Береке», «Вокзал алаңы», «Кизатов» гүлзары, «Бірлік» саябағы, «Мещан орманы» сынды жаңа рекреациялық аймақтар ашылды. Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен Ойқала мен Былғары аудандарында 74 жаңа гүлбақтың құрылысы басталды. Бұл гүлбақтар бұзылған жеке үйлердің орнына салынады. Сонымен қатар, қаладағы басқа демалыс аймақтарын абаттандыру жұмысы жүріп жатыр, оның ішінде Конституция жаяу жүргінші көшесін жаңартылуда.
Қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылық
2025 жылдың алғашқы бес айында қылмыс саны 18,1%-ға азайып, олардың ашылу көрсеткіші 69,3%-ға жеткен. Осы көрсеткіш құқық қорғау органдарының тиімділігінің, қаладағы қауіпсіздік деңгейінің артуының нақты дәлелі болып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық пікірді саралап, тұрғындар мен билік арасындағы көпір рөлін атқаруда.
Өңір болашағы - жастар
Кез келген өңірдің келешегі – оның жастары. Бұл қағидат Петропавл үшін де өзекті. Қаладағы 15-29 жас аралығындағы азаматтардың үлесі небәрі 12% болса да, билік пен қоғам бұл топқа көп қолдау көрсетуі тиіс. Осы ретте білім беру сапасын арттыру, стартаптарды қолдау, жастарды қалаға тұрақтандыру мақсатында өңірде «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» сынды бағдарламалары іске асып отыр.
Қаладағы әлеуметтік саясаттың бір бағыты – жас отбасыларға жағдай жасау. Коммуналдық тұрғын үй, әлеуметтік жалдамалы пәтерлер, ипотекалық жеңілдіктер шаңырақ көтеріп жатқан жастарға қолдау білдіру мақсатында жүзеге асырылып отыр. Балабақшалар мен мектептер салу, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жас отбасылар үшін қалада өмір сүруді қолайлы ете түседі.
Бұған дейін әлеуметтік, экономикалық және демографиялық аспектілерді толық қамтитын кешенді бағдарлама – 2025-2030 жылдарға арналған облыс орталығының даму жоспары белгіленген болатын. Бағдарламада урбанизацияны жеделдету, көлік инфрақұрылымын дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау секілді бағыттар қамтылған. Бұл бастамалар сәтімен жүзеге асса, Петропавлға жаңа тыныс алып келеді.
Петропавл – тарихы терең, болашағы жарқын, әлеуеті жоғары шаһар. Соңғы бес жылда қала әлеуметтік-демографиялық тұрғыда жаңа белестерге көтеріліп, тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты істермен ерекшеленді. Халық санының тұрақты өсуі, этносаралық татулық, жасыл аймақтардың кеңеюі, инфрақұрылым мен көліктің жаңаруы – мұның барлығы қала тіршілігінің оң арнада өрбіп жатқанын аңғартады.
Бүгінгі Петропавл – жүздеген отбасының, сан мың тұрғынның тағдыры тоғысқан ортақ мекен. Қаланың ертеңгі күнін жарқын етуге әрбір азамат өз қал-қадірінше әрекет етеді. Әрине, кейбір әлеуметтік теңгерімсіздік, көші-қон салдарлары мен жастар үлесінің азаюы секілді күрделі мәселелер бар. Алайда жергілікті билік пен азаматтық қоғам бұл сын-қатерлерді дер кезінде танып, оған бейімделіп әрекет етіп жатқанын айтпай кетуге болмас. Аталған мәселелерді шешуге бағытталған бастамалар жүйелі жалғасса, Петропавл Солтүстік Қазақстанның ғана емес, тұтас елдің әлеуметтік дамуындағы үлгілі орталығына айналары сөзсіз.