Танымал тележүргізушінің ұлының тойында қонақтар миллиондап ақша шашты (ВИДЕО)
Дүбірлі тойға елімізге танымал шоу-бизнес өкілдері, блогерлер қатысты

Алматыда тележүргізуші Гүлмира Дайрабаева ұлының тойын дүркіретіп өткізді. Блогер Артур Асқарұлының қуанышына жиналғандар беташар рәсімінде қаржылай сыйлықпен жарысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Тау бөктерінде өткен дүбірлі тойға елімізге танымал шоу-бизнес өкілдері, блогерлер қатысты.
Эстрада жұлдыздарынан Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан», «МузАРТ» тобы, Айгүл Қосанова сынды әншілер болды. Қуанышқа ортақтасқан қонақтар кештің ерекше форматта өткенін, ұйымдастыруы мен безендірілуіне жоғары баға берген.
Сондай-ақ жұртты Артурдың тойға қайықпен кіріп келуі де таңғалдырды. Бұған желідегі оқырмандар «дарақылық» деген пікір қалдырған.
Еске сала кетейік, әнші Сәкен Майғазиев ұлының тойын онлайн көрсету үшін 1380 теңгеге «билет» сатқан болатын. Одан кейін Қайрат Нұртас концертінің онлайн нұсқасы үшін 999 теңгеден «билет» сатты. Желі қолданушылары әншінің өнердегі әріптесі Сәкен Майғазиевтің идеясын қайталап отырғанын жарыса жазды.