Петропавлда биыл 76 көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды
Оған жергілікті бюджеттен 36,4 миллион теңге бөлінген

Көпбалалы отбасыларды қолдау – Қазақстанның әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектердің көлемі мен түрі артып келеді. Бұл санаттағы отбасыларға жәрдемақы, тұрғын үй көмегі, атаулы әлеуметтік көмек, балабақша мен мектептегі жеңілдіктер сияқты нақты шаралар қарастырылған. Әсіресе аналардың еңбегі ескеріліп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне арнайы төлемдер төленеді. Көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлі тек отбасы тәрбиесімен шектелмейді. Бүгінде олар кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін дөңгелетіп, ел дамуына үлес қосып жүр. Осындай қолдаулардың нәтижесінде өмір сапасын арттырып, балаларына жақсы білім мен тәрбие беріп отырған аналар қатары көбейіп келеді. Ұрпақ тәрбиесі ұлттың келешегі екені бәрімізге аян, сондықтан көпбалалы отбасыларға жағдай жасау арқылы ел болашағына да инвестиция жасалады. Петропавл қаласында осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Отбасыларды қаржылай қолдаумен қатар, аналардың қоғамдық белсенділігі мен кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға назар аударылады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Петропавлда көпбалалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары
2025 жылдың басынан бері Петропавлда 76 көпбалалы отбасы, яғни 472 адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 36,4 миллион теңге бөлінді. Атаулы көмек отбасындағы жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтарға беріледі. Бұл мұқтаж отбасылар үшін үлкен қаржылық көмек болып саналады.
Бұған қоса, көпбалалы отбасылардан шыққан 105 балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша төлемдер жасалды. Жалпы сома – 3,4 миллион теңге. Мұндай төлемдер көбіне жаңа оқу жылына, киім-кешек немесе басқа да тұрмыстық қажеттерді өтеуге бағытталады.
Тұрғын үй көмегі
Көпбалалы отбасылар үшін өте өзекті мәселенің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осыған байланысты Петропавл қаласында тұрғын үй көмегі түріндегі қосымша қолдау қарастырылған. 2025 жылы 3 отбасыға осы көмек берілді, жалдамалы пәтер ақысы мен коммуналдық қызметтерді төлеуге 201 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Қала әкімдігі алдағы жылдары тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруді және жалға берілетін баспаналардың санын арттыруды көздеп отыр.
8 наурызға арналған біржолғы төлемдер
Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға арналған біржолғы әлеуметтік көмек те дәстүрге айналған. Әйелдерге мемлекет тарапынан аналар еңбегіне лайықты құрмет көрсетіліп, 2025 жылы 1618 көпбалалы ана осындай төлеммен қамтылып, жалпы 41,8 миллион теңге төленді.
«Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын немесе «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежесін алған аналарға 10 АЕК көлемінде көмек көрсетілді. Марапатталмаған көпбалалы аналарға 5 АЕК мөлшерінде төлем берілді. Бұл қаражат тұрмыстық қажеттіліктерді өтеуге бағытталады.
Ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар
Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан ай сайын тұрақты түрде жәрдемақы тағайындалады. Бұл төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізіледі және бала санына байланысты сараланады. Ең басты ерекшелігі жәрдемақы отбасылардың табысына қарамастан төленеді, яғни әрбір балаға тиесілі қолдау көрсетіледі. Осылайша отбасы бюджетінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, аналарға бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық көлікті тегін пайдалану
Петропавл қаласының әкімдігі көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруіне мүмкіндік беріп отыр. 2025 жылы 56 көпбалалы анаға осындай жол жүру билеттері берілген.
Кәсіпкер ана – қоғам белсендісі
Петропавлда тек ана ретінде ғана емес, табысты кәсіпкер әрі қоғам белсендісі ретінде танылған көпбалалы әйелдер де бар. Солардың бірі – Вильдана Бағдат. Ол – бес баланың анасы, өңірдегі белсенді азаматшалардың бірі. 2018 жылы мемлекеттік грант ұтып алып, алғаш рет өз кәсібін ашқан. Бүгінде ол сұлулық индустриясында танымал кәсіпкерге айналды.
Вильдана қазіргі таңда үшінші сұлулық салонын ашып үлгерді. Оның айтуынша, ана болу мен карьераны қатар алып жүру – үлкен жауапкершілік, оған отбасының қолдауы ерекше күш берген. Вильдананың үлкен баласы 12 жаста болса, кенжесі – 2 жаста.
Ол сән әлеміне бет бұрғаннан кейін киім дизайны саласындағы алғашқы топтамасын наурыз айында ұсынған болатын. Кәсіпкер ана алған бетінен қайтпай, алдағы уақытта отандық сән индустриясына өзіндік үлес қосуға ниетті.
Көпбалалы отбасыларды әлеуметтік тұрғыда қолдау мемлекеттің уақытша бастамасы емес, ұзақ мерзімді стратегиялық ұстанымы болып отыр. Себебі ел болашағы бүгінгі ұрпақтың өсіп-жетілуіне, дұрыс тәрбие мен сапалы білім алуына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Петропавл қаласында қолға алынып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Жергілікті әкімдік, әлеуметтік қорғау саласы мен басқа да жауапты мекемелер бұл бағыттағы міндеттерді жүйелі түрде атқарып келеді.
Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жеңілдіктер мен жәрдемақылар уақытылы төленіп отыр. Халықаралық әйелдер күні қарсаңындағы біржолғы төлемдер, қоғамдық көлікпен тегін жүру мүмкіндігі, балаларға арналған қосымша қолдаулардың бәрі қоғамдағы көпбалалы отбасыға деген құрметтің белгісі десек болады. Көпбалалы ана болғанына қарамастан, бала тәрбиесі мен кәсіпті қатар алып жүрген аналар көпке үлгі болып отыр.
Алайда атқарылған жұмыс жеткілікті деуге әлі ерте. Болашақта қолдаудың түрлерін кеңейтіп, оны жаңа заманауи форматта ұйымдастыру қажет. Әсіресе цифрлық өтінім беру жүйелерін жетілдіру, ана мен бала денсаулығына арналған арнайы бағдарламалардың аясын кеңейту, кәсібін бастайтын аналарға арналған оқыту курстары мен қаржылай құралдарды қолжетімді ету маңызды міндет болып қала береді.
Ең бастысы, көпбалалы аналарға тек әлеуметтік көмек алушы ретінде емес, қоғамның белсенді мүшесі ретінде қарау қажет. Олардың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы, еңбекқорлығы мен табандылығы – бүгінгі қоғамға қажет құндылықтар. Сондықтан мемлекет пен жергілікті биліктің бұл санаттағы азаматтарға деген қамқорлығы жалғасуы тиіс. Өйткені ұлттың тамыры – отбасыда, ал отбасының жүрегі – ана. Анасы аман, баласы бақытты елдің болашағы да жарқын болмақ.