Семей көшелерінде қанша бейнебақылау камерасы бар
Тағы қосымша 2115 бейнекамера орнату жоспарланып отыр

Семей қаласының тыныштығы мен тұрғындарының қауіпсіздігі бүгінгі күні заман талабына сай озық технологиялармен нығая түсуде. Үш жыл бұрын қала көшелерінде VMS.SERGEK заманауи бейнебақылау жүйесінің 1551 камерасы орнатылып, тәртіп сақшыларының көмекшісіне айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейтін 776 камера мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 775 камера қаланың әр бұрышында қырағы күзет қызметін атқаруда.
Жыл сайын Семей қаласының қауіпсіздік жүйесі жетілдіріліп келеді. 2025 жылдың сәуір айында тағы да 380 жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылып, қоғамдық тәртіптің қалтқысыз сақталуына серпін берді. Оның ішінде жол тәртібін бақылау үшін 143 камера, қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қадағалау үшін 157 камера, ал бет-әлпетті тануға арналған 80 камера қаланың көрінбес күзетшісіне айналды.
Бүгінгі таңда Семей көшелерінде тәртіп пен тыныштықты сақтаудағы жауапкершілік аясын кеңейту мақсатында қосымша 2115 бейнекамера орнату жоспарланып отыр. Оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеу үшін 90 камера, ал қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2025 камераның орны нақтыланып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаланың ең үлкен байлығы – жас ұрпақтың амандығы мен білім ошақтарының қауіпсіздігі де жіті назарда. Семейдегі 104 білім беру нысаны – мектептер, балабақшалар, колледждер мен қосымша білім беру ұйымдары – барлығы 4912 бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Оның ішінде мектептерде – 2960, қосымша білім беру ұйымдарында – 111, балабақшаларда – 517, колледждерде – 1324 камера. Барлық білім беру нысанының бейнекамералары толығымен оперативтік басқару орталығына қосылған.
Қаланың бейбіт өмірі мен тұрғындардың алаңсыз тіршілігі – ұдайы назарда. Қауіпсіздік жүйесі – тек металл мен сымнан құралған техника ғана емес, ол – тұрғындарға деген қамқорлық пен жауапкершіліктің айғағы. Семей қаласының бүгіні мен болашағы үшін бейнебақылау жүйесі көрінбес күзетші ретінде адал қызметін жалғастыра береді.