«Туризмді осылай дамытамыз ба?»: Шардара су қоймасы қоқысқа «көміліп қалды» (ВИДЕО)
Желіде Шардара су қоймасында түсірілген видео жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алакөлдегі жағдайға қатысты сынынан кейін қоғам назары Шардара су қоймасына да ауды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қоқысқа көмілген жағажай
Журналист Денис Денский жариялаған видеодағы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Онда демалушылар қалдырып кеткен пластик бөтелкелер, темекі, тамақ қалдықтары, тіпті санитариялық жағдайдың жоқтығы анық көрініс тапқан.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндағы жағдай шын мәнінде адам шошырлық.
«Қазақстанда туризмді осылай дамытамыз ба? Алда әлі көп жұмыс бар…», – дейді журналист.
Әлеуметтік желі қолданушыларының реакциясы
Бұл видео желіде тез таралып, жұрттың ашуын туғызды:
«Адамдар өздері кінәлі. Ақылы кіретін орын болса да, қоқыс қалдырып кетеді», «Айыппұл салу керек! Басқаша тәрбиелеу мүмкін емес», «Сол қоқыстың арасында қалай шомылады өзі?!», «Ұят болды. Табиғатқа обал», «Қарапайым қоқысты жинап кетуге болмай ма?» – деп жазды желі қолданушылары.
Шардара су қоймасы – жаз мезгілінде ең танымал демалыс орындарының бірі. Алайда инфрақұрылымның жоқтығы мен тазалыққа бақылаудың әлсіздігі оның туристік тартымдылығын төмендетіп отыр.
Жергілікті тұрғындар мен белсенділер тиісті органдардан бұл мәселеге назар аударуды сұрайды.
Айта кетейік, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөлдегі ахуалды қатты сынға алып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берген болатын.