Жамбыл облысының әкімі 6 балдық жер сілкінісінен кейін мәлімдеме жасады
Елді мекендерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бірнеше елді мекенде сезілген жер сілкінісінен кейін зақым келген ғимараттар туралы есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін, 8 шілдеде сағат 14:30-да Жамбыл облысының бірнеше елді мекенінде жер сілкінген болатын. Әкімнің ақпаратынша, қатты бүлінген нысандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Алдын ала мәлімет бойынша Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында бір жеке тұрғын үйдің (1970 жылы саман кірпіштен салынған), сондай-ақ аудандық архив ғимаратының (1934 жылы салынған) сыртқы қабырғалары мен төбесіне шамалы зақым келген. Абай ауылдық округінде тағы бір жеке тұрғын үй (1979 жылы саман кірпіштен тұрғызылған) аздап зардап шекті. Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында жедел штабтар құрылды. Коммуналдық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік нысандар зардап шеккен жоқ. Инфрақұрылым нысандарына ешқандай зақым келмеген», - деп жазды Қарашөкеев желідегі парақшасында.
Қазір оқиға орындарында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі жағдайды жеке бақылауына алған.
Сонымен қатар, Қарашөкеев облыстық ТЖД-ның ахуалдық орталығында өңірлік жедел штаб құрылып, 8 (7262) 51-35-75 нөмірі бойынша «қауырт желі» іске қосылғанын еске салды.
Аймақ басшысы жамбылдықтарды сабыр сақтап, азаматтық жауапкершілік танытуға және тек ресми дереккөздерден алынған шынайы ақпаратқа сенім артуға шақырды.