Алмас Өтешов алты айдың ішінде қалай өзгергенін көрсетті

Автор: Алмас Ерсін

Ол алты ай бұрынғы және қазіргі суретін бірге жариялады

Фото: instagram.com/p/DLqZrgTM_ry/?hl=ru

Ауыр атлет Алмас Өтешов әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ жастарына ой саларлық жазба қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол алты ай бұрынғы және қазіргі суретін бірге жариялады.

«Бұл суретті салмас бұрын біраз ойландым. Жариялаудың қажеті бар ма, жоқ па деген ойлар көп мазалады. Бірақ өзіме пайдасы болмаса да, қазақтың өзге жастарына ой саларлықтай дүние болсын деп желіге жүктедім. Өйткені кей адамдар күйік пен қайғының шығар жолын «ащы сумен» шатастырып, тағдырын тәлкекке салып жатады. Ұғынған жанға, қиындықты жеңіп шығып құтылудың жалғыз ақиқат жолы – сабырың мен иманың ғана», - деп жазды Өтешов.

Ол «Арақты қалай қойдың?» деген сұраққа: Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» ютуб каналындағы бағдарламасында «осы күннен бастап ащы суға жоламаймын деп халық алдында ант етіп, уәде еткенімнен бастау алды» деп жауап беретінін айтты.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап», - деп Абай атамыз айтқандай, мені де осы азапты жолдан құтқарған ақыл мен қайраттың үстемдігі», - дейді ауыр атлет.

Осы орайда спортшы туған жеріне шақыртып, қолдау білдірген аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлына, қызмет ұсынып жұмыспен қамтамасыз еткен облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевқа және рухани қолдау білдірген бірқатар азаматқа айрықша алғыс білдірді.  

Еске сала кетейік, ішімдіктен емделген зілтемірші Қызылорда облысының спорт басқармасына қарасты «Олимпиадалық резерв даярлау орталығы» КММ директорының орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.