Елорда қатаң карантин режиміне қайта оралуы мүмкін
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері қала тұрғындары мен ұйым басшыларына үндеу жасады
Егер Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған адамдардың саны осы қалыпта көбейе берсе, қала бұрынғы қатаң карантин режимі мен шектеу шараларына қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиева мәлім етті.
Оның айтуынша, қала азаматтары коронавирус инфекциясының бар екеніне сенбеген және сенгілері де келмейді. Қарапайым сақтық шараларына мән бермейді. Сондай-ақ маска тағып, қолын жуып, арақашықтық сақтауға ниет танытпайды.
Бас санитар дәрігер қалада саябақтар мен мекемелер қалыпты жұмыс істеуі үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы керек еді деп есептейді. Бірақ, эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі олай емес екенін көрсеткен.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қаладағы саябақтар мен мекемелердің жұмысына рұқсат берді. Бірақ, қазір ауру жұқтырғандардың саны артып жатыр. Көп кәсіпорындардың сақтық шараларына мән бермей отырғанын осыдан байқауға болады», - дейді Жанна Пралиева.
Сондай-ақ зерттеу нәтижесі қалада коронавирус жұқтырғандардың 3-4 пайызы сырттан келген адамдар екенін, 38,5 пайызы ауру адамдармен байланыста болғанын, ал, 56(!) пайызы жергілікті тұрғындар екенін көрсеткен.
«Құрметті кәсіпкерлер мен ұйым жетекшілері. Егер науқастардың саны артса, мен Нұр- Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері ретінде, эпидемологиялық жағдайды ескепе ала отырып, коронавирус инфекциясының ары қарай таралуына жол бермеу үшін карантин мен шектеу шараларын күшету туралы шешім қабылдауға мәжбүр боламын. Сіздердің бейқамдықтарыңыз бен қарапайым сақтық шараларына мән бермей отырғандарыңыз, халықтың өміріне қауіп төндіріп, бұрынғы қалыпты өмірге келуімізге кедергі болып отыр. Сондықтан, сіздерге тағы да өтініш жасай отырып, бәрімізге осы қиын жағдайдан шығу үшін көмектесулеріңізді сұраймын», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан