Қазақстанда жұмыс істемейтін ата-ананың балаға қараған уақытын еңбек өтіліне қосу ұсынылды

Автор: Нұргүл Абай

Заңға осындай өзгеріс енгізілмек

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Конституциялық сотының төрағасы Эльвира Әзімова жұмыс істемейтін ата-ананың кішкентай балаға қараған уақытын зейнетке шыққанда еңбек өтіліне қосуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әзімова парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттарға осындай ұсыныс тастады.

«Әлеуметтік кодекске жұмыс істемейтін ата-ананың жас балаға тікелей күтім жасаған уақытын жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілінде есепке алу, сондай-ақ қазіргі жағдайларды ескере отырып, белгілі бір санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау тәсілдерін қайта қарауға қатысты өзгерістер енгізу туралы мәселені қарауды ұсынамыз», - деді ол парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Яғни егер ата-ана жұмыс істемесе, бірақ ол кішкентай балаға қарап отырса, онда ол уақыт еңбек өтіліне қосылуы мүмкін. Осылайша балаға қараған жылдар да зейнетақы есептегенде еңбек өтілі болып саналады.