Руслан Берденовті атып кеткен адамға қатысты тергеу аяқталды

Автор: Нұргүл Абай

Тараптар іс материалдарымен танысып жатыр

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл ақпаратты Azattyq Rýhy тілшісіне Шымкент қаласының полиция департаменті растады.

«Осы фактіге қатысты адам өлтіруге оқталу бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті қамауға алынды. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Осыдан кейін іс сотқа жолданады»,- делінген хабарламада.

Естеріңізге салайық, 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында Шымкент әкімдігі ғимаратының жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалған болатын. Шенеунік жамбасы мен иығынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Берденовке төрт сағат бойы ота жасалған.

Полицейлер күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оның үстінен «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде Берденов күдіктінің әйеліне қырындағаны туралы қауесет тараған. Алайда көп ұзамай қала билігі мұны ресми түрде жоққа шығарды.