Депутат шала туған нәрестелерде кездесетін ауыр дерт туралы айтты

Автор: Нұргүл Абай

Елімізде жыл сайын 22 мыңнан астам нәресте шала туады

Фото: Pixabay

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрым премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында шала туған нәрестелердің ретинопатиясы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат елімізде балалар мүгедектігі мәселесі өте өзекті болып отырғанын айтты.

«Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы – мезгілінен бұрын босанудың ең ауыр асқынуларының бірі, бұл дерт жаңа туған сәбилердің көру қабілеті мен әлеуметтік бейімделуіне тікелей қауіп төндіреді. Халықаралық тәжірибеде шақалақтардың ретинопатиясы – балалар соқырлығының үшінші эпидемиясы ретінде саналады. Статистика бойынша елімізде жыл сайын 22 мыңнан астам нәресте шала туады, олардың шамамен 40 пайызынан ретинопатия анықталады. Мәселен, былтыр осындай 1 569 жағдай тіркеліп, торлы қабыққа 646 лазерлік коагуляция операциясы жасалды. Ретинопатия дерті тез өршиді. Көру қабілетін сақтап қалу үшін осы ауру анықталған сәттен бастап 24–72 сағаттың ішінде әрекет ету керек», - дейді Гүлдара Нұрым.

Оның айтуынша, соңғы жылдары шала туған нәрестелердің ретинопатиясын ерте анықтау мен емдеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенімен, жаңа туған сәбилер арасындағы мүгедектік деңгейі төмендегенімен, базалық жабдықтармен қамтылу деңгейі 100%-ға жуықтағанымен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар: скрининг және лазерлік емдеу қызметтері үшін арнайы тарифтер жоқ және мамандар тапшы. Кадр даярлауда ілгерілеу байқалса да, перинаталдық орталықтардың штат құрамында балалар офтальмологтары мен офтальмохирургтары әлі де жетіспейді.

«Уақытылы көмек алмаған ауыр формадағы ретинопатиямен ауыратын әр бала көру қабілетінен айырылады. Бұл санаттың жыл сайын көбеюі – отбасылардың трагедиясы ғана емес, әлеуметтік сала мен мемлекеттің бюджетіне түсетін жүктеменің артуына әкеледі. Шақалақтардың ретинопатиясын дер кезінде емдеу – болашақта миллиондаған шығынның алдын алып қана қоймай, әлеуметтік бейімделу мен өмір сапасын жақсартады», - дейді депутат.

Осыған байланысты Гүлдара Нұрым мына шараларды қарастыруды ұсынды:

  • ретинопатияны емдеу кезінде ангиогенез ингибиторларын енгізуді ескере отырып, тариф саясатын жетілдіру;
  • перинаталдық орталықтарды штаттағы балалар офтальмологтары мен офтальмохирургтарымен толық қамтамасыз ету;
  • ретинопатияны анықтау мақсатындағы скринингтердің сапасы мен уақтылы өткізілуіне бақылауды күшейту.