Назарбаев университетінің басқаруына ұлттық кадрлар тартылуы тиіс – Сүлейменова
Ол қазақстандық кадрларды басшылыққа тарту керек дейді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова депутаттық сауалында Назарбаев Университеті елдің интеллектуалды дамуында маңызды орын алатынын атап өтіп, оның болашағына қатысты бірқатар ұсыныс жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұлдыз Сүлейменова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз әлемдік стандарттарға сай келетін ұлттық жоғары білім беру жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деген сөзін еске салды. Яғни, Сүлейменованың пікірінше, университеттің стратегиялық бағыттарын терең түсінетін және халықаралық тәжірибесі бар қазақстандық кадрларды басқарушы лауазымдарға тарту қажет.
«Вице-президент, мектеп деканы және басқа басқарушы лауазымдардың кемінде 70 пайызы қазақстандық азаматтардан құрылуы тиіс», – деді депутат.
Бұл ұсыныс елден талантты жастардың кетуін азайтып, шетелде білім алған отандық мамандардың өз елінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Депутат Жоғары білім мектебі аясында педагогикалық менеджмент бойынша арнайы бакалавриат бағдарламасын енгізуді ұсынды. Бұл бағдарлама:
- Мектеп директорлары мен орынбасарларын;
- Тәрбие ісіне жауапты мамандарды;
- даярлауға бағытталып, мемлекеттік білім гранттары арқылы қолжетімді болуы тиіс.
Сауалда қазіргі таңда Foundation бағдарламасы негізінен қалалық және инновациялық мектеп түлектеріне бағытталғаны сынға алынды.
«Ауылдық мектеп түлектері үшін бұл бағдарлама білім деңгейі мен әлеуметтік теңсіздікке байланысты қолжетімсіз болып отыр», – деді Сүлейменова.
Сондықтан 1,5 жылдық арнайы дайындық курсы әзірленуі тиіс. Бұл қадам:
- Өңірлік теңсіздікті азайтады;
- Дарынды ауыл жастарына мүмкіндік береді;
- Әлеуметтік әділеттілік қағидатын нақты іске асыруға жол ашады.