«Қауіпті зат жасырылған болуы мүмкін»: Қазақстанда дрон техникасына бақылау күшеюі мүмкін

Автор: Темірхан Айжан

Елнұр Бейсенбаев Remote ID жүйесін қосу қажет дейді

Фото: © istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бұқаралық шараларда қолданылып жүрген шағын дрондарға бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың сөзінше, пилотсыз ұшу аппараттары азаматтық секторда белсенді түрде қолданылуда және оларды тауарларды жеткізу мен әуе такси қызметтерінде пайдалану үлкен даму әлеуетіне ие. Дегенмен, бұл технологиялардың бейбіт мақсаттардан тыс шығып, қылмыскерлердің қолындағы құралға айналу қаупі бар.

«Мысалы, кез келген бұқаралық шараны – концерт, футбол матчын немесе шоу бағдарламаны елестетіп көріңіз. Адамдар жиналған жердің үстінде «ойыншық» дрон ұшып жүреді, бірақ оның ішінде қауіпті зат жасырылған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мыңдаған адамды эвакуациялау іс жүзінде мүмкін болмайды, ал салдары орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, дрондарды өндіру, сақтау және пайдалануды лицензиялау және есепке алу жүйесі арқылы қатаң реттеу қажеттілігі туындап отыр», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев дрондарды пайдалануды ретке келтірген халықаралық тәжірибеден мысал келтірді.

«АҚШ-та Remote ID жүйесі енгізілген. Ол 250 грамм және одан жоғары салмақтағы әрбір дронның сандық «паспортын» (сериялық нөмір, координаттар және оператор туралы ақпарат) беруді талап етеді. Сондай-ақ, АҚШ билігі заңсыз дрондарды анықтау бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кеңейту және сертификатталған өндірісті ынталандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Осыған ұқсас алдын алу шаралары Еуропа Одағында, Ұлыбританияда, Аустралияда және Канадада қабылдануда. Бұлар дрондарға міндетті бірегей сандық таңбалау, сондай-ақ ұшу деректерін жазуға арналған «қара жәшіктерді» енгізуді қамтиды», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда да 250 граммнан асатын, сондай-ақ камералар немесе сенсорлармен жабдықталған дрондар міндетті түрде есепке алынуы тиіс. Пайдалануға қатысты шектеулер де бар. Алайда, бұл шаралар іс жүзінде тиімді жұмыс істемейді.

«Ойыншық дүкендерінде немесе жаңа технологиялар сататын дүкендерде 15 килограммға дейінгі дрондарды еш қиындықсыз сатып алуға болады. Remote ID жүйесінің жоқтығы, шағын дрондарға жеткілікті бақылаудың болмауы және өндірушілерді лицензиялаудың міндетті еместігі заңсыз өндіріс пен дрондарды қауіпті мақсатта пайдалануға жол ашады», - деді депутат.

Осыған байланысты ол Remote ID жүйесін 250 грамм және одан жоғары барлық аппаратқа енгізуді, ұшу деректерін тіркейтін «қара жәшіктерді» міндетті түрде енгізу және жасанды интеллект арқылы алынған деректерді беру мен өңдеуді қамтамасыз етуді, дрон өндірушілерін лицензиялау және негізгі бөліктерді бірегей таңбалау талаптарын қолдануды ұсынды. Сонымен бірге, дрондарды заңсыз құрастыру және қару ретінде қолдану үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді талап етті.