Жетісу облысының бірнеше ауылында жаңа ауруханалар ашылды
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында медициналық нысандар бой көтерді

Жетісу облысына қарасты Ескелді және Көксу аудандарында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа денсаулық сақтау нысандары ашылды. Тұрғындардың игілігіне берілген жаңа нысандар ауылдық жерлердегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дәлірек айтсақ, Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылында 2129 тұрғынға арналған жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға. Себебі бұған дейін азаматтар медициналық қызмет алу үшін аудан орталығына немесе жақын елді мекендерге қатынауға мәжбүр еді. Енді олар алғашқы медициналық-санитариялық көмек, шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем, зертханалық диагностика, сондай-ақ профилактикалық екпе егу қызметтерін өз ауылында ала алады.
Нысанның ашылу салтанатына қатысқан денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов медициналық инфрақұрылымды дамытудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыру арқылы тұрғындардың денсаулығын жақсарту көзделіп отыр.
Ал Көксу ауданы Қызылтоған ауылының 430 тұрғынына арналып фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Онда ауыл тұрғындарына орта буынды білімі бар екі медицина қызметкері көмек көрсетеді. Сонымен қатар аптасына бір-екі мәрте амбулаториядан дәрігер келіп, науқастарды қабылдайды. Бұл қадам ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстауға және ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
«Бүгінде Көксу ауданы аумағында медицина саласындағы 30 ұйым жұмыс істейді. Кейінгі екі жылда осы ауданға қарасты Еңбекшіқазақ, Ақшатоған, Ақтекше, 10 жылдық Қазақстан, Мәулімбай, Мұқаншы, Айнабұлақ, Кеңарал және Мұқыры ауылдарында бірқатар медициналық пункт пен амбулатория іске қосылды. Бұл біздің ауданымыз үшін үлкен жетістік», – деді «AMANAT» партиясы Көксу аудандық филиалының төрағасы Мәлік Бейсенов.
Фельдшерлік-акушерлік пунктің мамандары негізінен санитариялық-медициналық алғашқы көмек көрсетіп, аурулардың алдын алу, скрининг өткізеді, жүкті әйелдер мен балаларға патронаж жасап, екпе егеді.